Алматыдағы форумда қылмыстық кіріске қарсы заңнаманы жетілдіру талқыланды

Алматыда Еуразиялық топ елдерінің парламенттік комитеттері өкілдерінің ІІ форумы өтті.

Халықаралық шарада қылмыстық кірістерді заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды. Форум жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қытай, Беларусь және Ресей елдерінің Парламент депутаттары қатысты. Тағы қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Біріккен ұлттар ұйымының, Армения, АҚШ, Біріккен араб әмірліктерінің өкілдері келді. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина заң шығарушылар арасында тікелей көпжақты диалог орнату – Еуразиялық Топ елдерінің дамуындағы маңызды қадам екенін айтты.   

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі форумның өтуі бірқатар мәселенің қордаланып қалғанын көрсетіп отыр. Мәселен, діни экстремизм мен лаңкестік қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Қарсы күресу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет. Өзара тәжірибе алмасу керек.