Астанада жаһандық іскер әйелдер бас қосты

Әйелдер ұсынған жобалар мен бастамалардың бірыңғай базасын құру қажет.

Тиісті ұсынысты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Жаһандық іскер әйелдер кеңесінің бірінші жалпы отырысында айтты. Жиында гендерлік теңдік мәселесі де сөз болды. Мамандардың айтуынша, қыз-келіншектер білім беру саласында ғана емес, саясат пен кәсіпкерлікте де басшылық қызметті алып жүре алатынын дәлелдеді.

 Елдегі шағын және орта бизнесте басшы әйелдердің үлесі 40%-тен асады. Дүниежүзілік экономикалық форум ұсынған гендерлік теңдік рейтингінде Қазақстан 80-ші орыннан 65-орынға көтерілді. Сөйтіп, Словакия, Чехия және Польша сынды Еуропа елдерінен көш ілгеріледі.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Астана инвестиция тартудың жаңа орталығына айналып, іскер әйелдер қатысатын халықаралық нарықтарға үлкен мүмкіндік ашады деп ойлаймын. Ең алдымен, қыз-келіншектердің бастамаларын тіркейтін біртұтас база құру керек. Сәтті жобаларды іріктеп, өзге елдерге іске асырамыз. Тәжірибе алмасып, кәсіпкерлік аясын кеңейтеміз. Жаңа ұйымдар мен қауымдастықтардың пайда болуына ықпал етеміз.