Түрік лирасы тағы арзандады

Дүниежүзілік банк сарапшылары жаһандық экономикаға қатысты болжамымен бөлісті.

Олардың пайымынша 2023 жылы экономикалық өсім баяулайды. Әсіресе, бұл дамушы елдердің қаржы саласына қатты соққы болуы мүмкін. Тәуекел аймағында Түркия мен Қытай нарығы бар.

Түрік лирасы 2021 жылғы тарихи құлдырауын тағы қайталады. Күндізгі сатылымда рекордтық деңгей - 7%-ға арзандады. Қазір бір долларға шаққандағы бағамы – 23 лираға тең. Қайта сайланған президент Режеп Тайип Ердоған өткен демалыс күндері министерлер кабинетін жасақтап, лираның құнын қалпына келтіру үшін Қаржы министрі орнына бұрынғы вице-премьер Мехмет Симшекті тағайындады. Өзін пайыздық мөлшерлеме «жауы» деп атайтын Ердоған Орталық банктің дисконттау мөлшерлемесін осыдан 2 жыл бұрын 19-дан 8,5%-ға дейін төмендеткен еді. Бұл 2021 жылдың желтоқсанында лираның рекордтық дағдарысын туғызды. Енді ел Үкіметі 85%-дан асып түскен инфляциямен күресуге мәжбүр.

Экономикалық ахуал Қытай нарығында да байқалады. Ресми Бейжің экспорт көрсеткіші ақпаннан бері тек кері қарай құлдырағанын мәлімдеді. Мәселен, өткен айда ел экспортының көлемі бір жылғы бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бірден 7,5%-ға төмендеді. Әлемдік инфляция, АҚШ-пен қатынастың нашарлауы Қытай өнімдеріне сұранысты әлсіретті. Бұл өз кезегінде елдегі өндірістік белсенділікті төмендетті. Нәтижесінде Компартия елдің ең ірі банктеріне экономиканы қолдау үшін депозит мөлшерлемесін төмендету туралы өтініш жасады. Алайда әлем елдерінің Қытай тауарына деген сұранысы арта ма, белгісіз.

Бұл ретте Дүниежүзілік банк сарапшылары жаһандық экономикаға қатысты ақпаратпен бөлісті. Болжам көңіл көншітпейді. Биыл әлемдік экономика өсімі 2,1 пайызға дейін күрт баяулайды. Пайыздық мөлшерлеменің өсуі дамушы елдер экономикасын тәуекел аймағына түсіреді. Ал бұл дамушы елдерді жаңа күйзеліс жағдайында одан да осал ете түседі.