Алматыда «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрмесі ашылды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрме ашылды.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетін айшықтайтын көрме ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына арналды. Халықаралық ұйым тамырлас түркі халықтарының тарихи және рухани тұрғыда бірігуіне күш салып келеді. «Бұл көрме тарихи-мәдени мұраны насихаттау, мәдени гуманитарлық байланыстарды дамыту және түркі мәдениетін халықаралық деңгейде ілгерілетуді мақсат етіп отыр», - дейді ұйымдастырушылар. Көрмеге Ботай мәдениетіне тән ат әбзелдері, тұрмыстық заттар, сәндік-қолданбалы өнер және зергерлік бұйымдар, кілем және киізден жасалған заттар мен дәстүрлі киім үлгілері қойылды. Бірегей жәдігерлердің барлығы Мемлекеттік орталық музейдің қорынан алынды.

Ғалия Теміртон, ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары:
- Ұлы Даланың 7 қыры деп айтамыз ғой, сол ұлы даланың  жеті қырын ашатын заттар тұр. Соның ішінде Ботайдан бастадық. Өйткені сол Ботай халқының ата-бабасы осы қазақ жерінде жылқы қолға ұстағаны дәлелденген болатын. Соны дәлелдейтін заттар тұр. Және де росомаха деген ит тәрізді жануардың қаңқасы жатыр. Ол сол заманда ата-бабаларымыздың ит тәрізді жануарды да қолға ұстап білгенін, үйге қолға ұстауға білгенін көрсетеді.