Өскемендік экологтар экостандарттарды қатаңдатуды талап етіп жатыр

Өскемендік экологтар өндіріс ошақтары қоршаған ортаға тастайтын зиянды қалдықтардың шекті нормасын түбегейлі өзгертіп, стандарттарды кезең-кезеңмен қатаңдатуды талап етіп жатыр.

Өйткені, қауіпті заттардың рұқсат етілген көрсеткіші дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эко-стандарттарына сай емес.

Өскемендік профессор Дәулет Асанов жылдар бойы жауапты министрлікке ресми хаттарды үздіксіз жолдап келеді. Ол зиянды заттардың шекті көлемін азайтуды қайта қарауды талап етіп жүр. Себебі бұл көрсеткіштер халықаралық стандарттармен салыстырғанда ескіріп кеткен. Бұл іске эколог-мамандар, экономистер мен білікті менеджерлер тартылуы тиіс. 

Дәулет Асанов,  профессор:
- Үлкен бағдарлама болу керек ауаны тазарту бойынша. Ол кезеңдік болуы керек. Бірінші, екінші, үшінші этап. Мысалы, 5 жылға немесе 10 жылға арналған бағдарлама. Соның ішінде мына ластаушы заттардың шығарылымдарын азайту керек. Экологиялық нормативтерді министрлік осы жылдың аяғына дейін, келесі жылдың бірінші қаңтарына дейін жасап шығару керек. Ол бойынша ешқандай жұмыс атқарып жатқан жоқ.

Шекті концентрация талаптарын бірінші кезекте өндіріс алпауыттар сақтауы тиіс. Мәселен, белгілі бір кезеңдерде зауыттардың жұмыс жүктемесі азайтылады. Десе де, экологиялық жағдайды табиғи факторлар нашарлатуы әбден мүмкін. Таулы және ойпатты жерлерде орналасқан облыстарда жел болмаса, шаһарлар өндірістен шыққан көк түтіннің ортасында қалып қояды.

Ғалымдардың айтуынша, зиянды қалдықтардың шекті нормасы 80-ші жылдардан бері өзгермеген. Бірақ, экомониторинг технологияларының тәсілдері жаңарған.

Геннадий Корешков, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:
- Мәселені республикалық деңгейде шешпесе болмайды. Соңғы уақытта ауаны тозаңдануы жіті тексеріліп, зерттеліп жатыр. Бүгінде ауаның шаң басуын микробөлшектерге дейін өлшей аламыз. Мәселен, 2 микрон, 10 микрон. Ғылыми зерттеу нәтижесінде осы бөлшектерде зиянды заттардың көп екені анықталды. 

Өскеменнің өзінде қауіптілігі бірінші және екінші санатқа жататын 23 кәсіпорын бар. Табиғатты ластайтын зауыттар бір жылда 158  мың тонна зиянды қалдықты сыртқа шығарады. Көрсеткішті азайту үшін кәсіпорындарға қойылатын экоталаптар біртіндеп қатаңдатыла бастады. Былтыр зиянды заттар көлемі 4%-ке азайған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин