Ю.Ильин: орман өртін анықтайтын ақылды жүйелерді орнату керек

Төтенше жағдайлар министрі еліміздегі орман алқаптарында болып жатқан өртке қатысты түсініктеме берді.

Юрий Ильин Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Бүгінде әсіресе Абай облысындағы қызыл жалынды ауыздықтау оңай болмай тұр. От бірнеше мың гектарға жайылған. Салдарынан үш бірдей ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Министрдің айтуынша жағдайдың алдын алу үшін орман өртін анықтайтын ақылды жүйелерді орнату керек. Бүгінде бұл жаңашылдық «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында енгізілді. 

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:
- Абай облысында өрт болып жатқан аймаққа экология министрлігінің орман шаруашылығы комитеті жауапты. Алғашында қызыл жалынның аумағы үш гектар болса, артынша күрт өскен. Сондықтан біз арнайы шешім қабылдап, онда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан қосымша күш құрылымдарын жібердік.