Алматыда ТҮРКСОЙ ұйымының мерейтойы салтанатты түрде ашылды

Алматыда Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркі халықтарының рухани-мәдени көпірі болған беделді ұйымның мерейтойы Алматыдан бастау алуы бекер емес. 1993 жылы алғаш рет дәл осы қалада ТҮРКСОЙ ұйымы құрылған болатын. 30 жылда ұйым жүздеген мәдени жобаларды ұйымдастырып, бауырлар елдерді жақындастыра түсті. Түркі мәдениетін ғаламға танытуға еңбек сіңірді.

Бүгінгі салтанатқа Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысты. Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстанның да лауазымды тұлғалары келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Сұлтан Раев ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Мерейтойлық шара түркі елдерінің мәдениет өкілдерінің концертіне ұласты.

Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

- Қазіргі дүниежүзілік жаһандану тенденциясы ғаламдық өзгерістер біздің алдымызға жаңа міндеттер, жаңа көзқарасты, жаңа жауапкершіліктерді қойып отыр. Біз ғаламдық барша өзгерістерге бір ғана рухани дүниемізбен, рухани бірлігімізбен, рухани жаңғыруымызбен ғана жауап береміз.

Мұрат Әуезов, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Тарихтың өзі озып шығады. Адам әлі түсінбейді оның тарихи мағынасын. Тарихтың өзі істеп жатыр оған қарамастан. Бүгін болмаса, ертең түсінесің мұның мағынасын дегендей, түркішілдік және ТҮРКСОЙ-дың негізгі идеялары – бұл біздің болашағымыз, ертеңіміз. Өйткені ол болмаса, біздің болашағымыз да болмайды деуге болады.