Баянауыл ұлттық паркінде экологиялық акция өтіп жатыр

Баянауыл ұлттық паркінің ұжымы туристік маусымға қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Биыл 200 мыңдай адамды қабылдамақшы. Алайда ерекше қорғалатын аумаққа сол туристерден келетін зиян көп. Демалушылар артында қоқыс қалдырып кетеді. Оның ішіне тез тұтанғыш заттар орман өртіне де себеп болып жатады. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін паркте экологиялық акция өтіп жатыр.  

Дильнас Күмпекеева – мобилограф. Көз тартар сұлу табиғаттың әдемі көріністерін түсіріп, әлеуметтік желі салады. 18 жастағы бойжеткеннің алға қойған мақсаты – адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Экологиялық акцияға қатысып жатқандардың бірі – Нисарахмет Мұхаметнышан. Ауғанстаннан келген қандасымыз Жасыбай көлінің жағалауын тұрмыстық қалдықтан тазартуға атсалысып жүр.

Нисарахмет Мұхаметнышан, Ауғанстан азаматы:

- Қазақстанның табиғаты жақсы өте. Су, мысалы, ағаш, тас, тау көп. Жақсы, маған ұнап жатыр. Алла қаласа, отбасым келеді.

Топ-топқа бөлінген жастар алдымен Жасыбай демалыс аумағын тұрмыстық қалдықтан тазартты. Алақандай жерден айналасы жарты сағатта қап-қап қоқыс жиналды. Жаңа маусым басталмай жатып-ақ демалыс аймағы ластанып кеткен. Бір топ студент жартастардағы жазбаларды да сүртіп тастады. Бекжан Әліп туристердің қолтаңбасын былтыр да келіп өшірген. Мұндай жазбалар еліміздің басқа да курорттық жерлерінде өте көп, - дейді ол.

Бекжан Әліп, студент:

- Бізде осындай спрейлер бар. Арнайы сол арқылы осы жерге шашып кетіреміз. Неше түрлі сөздер, соның бәрін осылай қолмен кетіріп, өзінің әдісі бар. Сол арқылы кетіріп, бәрін өшіріп, әсіресе мынау үлкен жазулар бетке көрінеді, қатты алыстан қарасаң.

Бұл жай тастар емес, табиғи ескерткіштер екенін өлкетанушылар айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ жазулардың да, күл қоқыстардың да азаятын түрі жоқ. Табиғат жанашырлары жабайы әрекеттерге тосқауыл қою үшін осындай экологиялық іс-шараларға белсенді атсалысады. Әсіресе шетелдік студенттер тарапынан зор қызығушылық бар.

Арай Сағидолла, куратор:

- Біз жыл сайын келіп отырамыз Торайғыров университетінен. Біздің мұндағы мақсатымыз – таза ортада таза өмір сүру. Адамдарды тазалыққа шақыру. Табиғатты қорғай білу – маңыздысы. Дәл қазіргі сенбілікке Моңғолия, Ауғанстан, Нигерия мемлекетінен келген дайындық бөлімінің балаларын алып келіп отырмыз.

3 ай мерзімде алыс-жақыннан Баянауылға ағылатын халықты қадағалау мүмкін емес. Мамандар табиғатты қорғауға үндейтін шараларды жүйелі түрде өткізу жағдайды біршама жақсартады деп отыр.  

Руслан Дауытбаев, облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл акция жастарды еңбекке баулиды. Саяхатшылардың бойына экологиялық мәдениетті сіңіреді. Осы мүмкіндікті пайдаланып барлық демалушыларға өздеріңізден кейін тұрмыстық қалдықтарды қалдырмай, жинап кетіңіздер дегім келеді.

2 күн бойы 120 адам тау-тас, орман-көлдерді тазалап шықты. Баянауыл ұлттық табиғи мемлекеттік паркінің Жасыбай бөлімшесінен 7,5 тонна қоқыс шығарылды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.

Сондай-ақ...