Абай облысында ауыл тұрғындары эвакуацияланды

Өрт ошағына тақау орналасқан 3 ауылдың 50-ден астам тұрғыны Семейдегі жатақханаларға орналастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың дені балалар, әйелдер мен қарт кісілер. Ерлердің көбі үй мен малды қарау үшін ауылда қалды. Бородулиха ауданында 2, Семейде 9 эвакуациялық орын дайындалды. Бородулиха ауданы мен облыс орталығының іргесіндегі 5 елді мекеннің 700-ден астам адамы қауіпсіз жерге көшірілді.  

6 баланың анасы Юлия Шевченко Семейдегі колледждің жатақханасына түнгі сағат 1-де келіпті. «Бүкіл техника, жиһаз-жабдық, 3 мотоцикл ауылда қалды. Тезірек үйге оралсақ екен», - дейді ол.

Юлия Шевченко, Талица ауылының тұрғыны:

- Осында отырмыз. Тамақтандырып, барын салып, күтіп жатыр. Дегенмен де ауыл-аймағымыз не боп жатыр екен деген алаңдаулы күйдеміз. Үйге қайтқымыз келеді.

Бақытгүл Бұлыбаева, Талица ауылының тұрғыны:

- Мында кеше сағат 10-ға таман келдік. Сағат 8-де эвакуация дедік. Күндізден бастап өрт сөндірушілер кезекшілік жасады. Ол уақытқа дейін халыққа түсіндірдім. Дайын тұрыңыздар, ең бірінші заттарыңыз, құжаттарыңыз керек.

Бірнеше күннен бері өрт өршіп тұрған Бородулиха ауданында 350 кісілік 2, Семейде 800 адам сиятын 9 эвакуациялық орын дайындалды. Халықты жедел көшіруге 10 автобус жіберілді.

Біржан Бұлабаев, Төтенше жағдайды жою жөніндегі штабтың өкілі:

- Біздің қаламызда колледждердің, университеттердің, мектептің жатақханаларында сол адамдарды эвакуация жасау үшін арнайы орындар жасақталып, дайын болған болатын. Кешегі түні бізде педагогикалық колледж бен Қалматаев колледжінің жатақханаларына 50-ден астам орналастырылды. Оларды түнде тосып алып, адамдарға тамақ беріліп, барлық жағдай жасалды.

Өз үйінен үдере көшкендерді ғана емес, қанша күннен бері оттың ортасында жүргендерге өз еркімен азық-түлік, су-суан апарып жатқан азаматтар аз емес. Семейдегі «Колея» клубының мүшелері тұрғындардың әкелген дүниелерін құтқарушыларға тезірек жеткізуге асығады.

Ержан  Исаханов, «Колея» клубының мүшесі:

- Негізінен сүт, айран, су, көздің дәрісі секілді дүниелерді әкеп жатыр. Осы игі іске үлес қосқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Өйткені қарағайлы орман – біздің байлығымыз.

Өңірдегі барлық аудан тұрғындары тілсіз жаумен күрестегі жандарға қолдан келгенше көмек қолын созып жатыр. Мәселен, Бесқарағай ауданы 10 тонналық жүк көлігін жөнелтіпті. Гуманитарлық көмек қабылдау орны «АMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының жанынан да ашылды.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.