Түркістан облысында 2025 жылға дейін 170 млн түп ағаш егіледі

Әсіресе өңірдің шөлейтті аудандарына басымдық беріледі. Мәселен, Созақ ауданы – осындай экологиялық аймақтардың бірі.

Өткен жылы «Жасыл белдеу» аймағы құрылып, ағаш егу жұмыстары басталған. Биыл көгалдандыру жұмыстарына байланысты аудан көлемінде 18 мың түп көшет егілді. Мамандар осылайша, өңірді жасыл-желекке айналдырып, экологиялық мәселелерді шешпек.

Бұл – «Шолаққорған-Түркістан» бағытындағы жолдың екі қапталындағы «Жасыл белдеу» аймағы. Былтыр аудан әкімінің бастамасымен демеушілер есебінен 3 гектарға 3500 түп көшет егілген болатын. Биыл мамандар тағы да 2 мың 500 түп қарағаш көшетін отырғызыпты. Ауыл тұрғындары болашақта күре жолдың бойы қалың ағаш болатынын айтады.

Жұмағұл Жолдыбайұлы, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Біздің Созақ ауданы, оның ішінде Шолаққорғаны бар экологиялық аймаққа жатады. Бір шеті соны тазалау, бір шеті көгалдандыру. Мынау Түркістаннан Шолаққорғанға кіріп келе жатқанда көзің бірінші осы талға түседі. Неге десеңіз, көкпеңбек болып жайқалып тұр. Бұл келешектегі ұрпақтарымызға, олардың келіп демалып, көлеңкелеуі үшін сая есебінде ықпалы тиеді.

Созақ ауданы шөлейтті аймаққа жататындықтан мұнда негізінен шөлге төзімді, суды аса қажет етпейтін ағаш түрлері отырғызылған. Оның үстіне жас көшеттер бірден тамыр алып кетуі үшін тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Мал кіріп, бүлдірмес үшін көшет отырғызылған аумақ тұтас шарбақпен қоршалыпты.

Ербол Аманов, Созақ аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұл күзде және келесі жылы көктем айларында жалғасын тауып, Қарату бөктеріне дейін апару жоспарланып отыр. Қараталдың көшеті бұл шөлге өте шыдымды, тамшылатып суару арқылы аптасына немесе үш күнде бір суарған жағдайда жеткілікті болады. Төзімділігінің арқасында жүз пайыз алып тұр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2021-2025 жылдары еліміздегі орман қоры аумағына 2 млрд көшет егуді тапсырған болатын. Соған орай Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 мың гектарға аумаққа 170 млн көшет егу жоспарланған.

Қайрат Әбдуалиев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- 2021-2022 жылдары егілген ағаштың жалпы көлемі 31 мың 320 гектарға 459 мың көшет отырғызылды. Биылға жоспарымыз 20 мың гектар жер 32 мың түп ағаш егілуі керек. Көктемгі егіс аяқталды. Ағаштың 90% Созақ, Отырар, Шардара аудандарында егілді.  

Бұдан бөлек, аймақ басшысының тапсырмасымен облыстағы елді мекендерді көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Өңірдегі 900-ге жуық елді мекенді көгалдандыру мақсатында алдағы 3 жылда 4 млн аса көшет өндіру жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов