Ұлытау облысында бизнесті қолдауға бағытталған меморандум жасалды

Ұлытау облысында 1 жылда кәсіпкерлік субьектілер саны 30%-ке артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнім өндіру көлемі де былтырғымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Дегенмен аталған салада мәселе де жоқ емес. Кәсіпкерлер қауымы қағазбастылық, әкімшілік кедергілер мен мемлекеттік сатып алулар төңірегіндегі кемшіліктер жайында аймақ басшысының қатысуымен өткен жиында көтерді.

Өңірде 32 мыңға жуық азамат шағын және орта кәсіптен табыс тауып отыр. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 14%-і. Жұмыс істеп тұрған 18 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны өткен жылы 170 млрд теңгенің өнімін өндірген. Облыста өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға ерекше қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тек биылдың өзінде жүздеген кәсіпкер жаңадан іс бастайды.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- «Ауыл аманаты» бойынша бізде биылға 3 млрд 200 млн-дай қарастырылған. Алғашқы несиелерді беріп жатырмыз. 2,5%-пен. Сонымен қоса жастардың арасында кәсіпкерлікті дамытуға мелекеттік грант және жеңілдетілген несиелер беріп жатыр. 5 млн-ға дейін. 2,5%-тік. Жастардың немен, қандай іспен айналысуға да мүмкіншілігі бар.

Жаңадан іс бастау оңай емес, әрине. Қаржыны тапқанымен, бизнесті түзу жолға қоюға біліктілік жетпей жатады. Мұның сыртында әкімшілік кедергілер мен түрлі бюрократия бар.

Бизнеске жасалатын түрлі кедергілерді жою мақсатында өңірлік кеңес құрылған. Бұл басқосу осымен 6-шы мәрте ұйымдастырылып отыр. Күні бүгінге дейін 500-ден астам жас кәсіпкер бизнесті ашу және жүргізу бойынша кеңес алды.

Гүлмира Қаженова, өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы:

- Мысалы, жыл басынан бері құқығы тапталған 18 кәсіпкер өңірлік кәсіпкерлер палатасына шағым түсірді. 4 кәсіпкердің өтініші бойынша тиісті шаралар атқарылып, 56 млн теңге көлемінде бинзес мүддесі қорғалды. Өзге кәсіпкерлерге заңнама шеңберінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының 3-еуі ғана өндіріледі. Өзгелері сырттан келеді. Себебі өңірдегі кәсіпкерлік нысандардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласына тиесілі. Сондықтан жергілікті билік азық-түлік өндірушілерді қолдауға ниетті. Осы мақсатта облыс әкімдігі, кәспкерлер палатасы мен қала құраушы компания арасында тағам өндірушілерді қолдауға бағытталған үшжақты меморандум жасалды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.