Қостанай қарқынды дамып келеді

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық ахуалды баяндап берді.

"Өңірде орташа айлық жалақы 23%-ке өсті", - деді әкім.

800 мыңнан аса халқы бар Қостанай облысы іргелі дамып келеді. Құрылыс қарқын алған. Қалалар мен ауыл-аймақ арасын жалғайтын жолдар жөнделіп жатыр. Оңтүстік өңірлерді дамыту мақсатында Қостанай және Ақмола облыстарын қосып жатқан, Арқалық пен Астананы байланыстырып тұрған тас жолды жөндеу көзделген. Алдағы үш жылға нақты мерзімдері және елді мекендері көрсетілген сапалы жол-көлік инфрақұрылымын жасау жоспары әзірленген.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Қостанай облысындағы барлық жолдарды есептеген кезде оның республикалық маңызы бар жолдар, облыстық, аудандық 9126 км. Республика бойынша ең үлкен бірінші орындамыз. Енді биыл 55,7 млрд бөлінді, нәтижесінде біз жылдың соңында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 87 процентке дейін жеткіземіз деп сондай жоспарымыз бар.

Облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 175 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. "Қостанай жастары" бағдарламасы былтыр пилоттық режимде іске асырылған еді. Биыл барлық аудандарға ауқымды кеңейтіп, қаржыландыру сомасын 3 есеге арттырып 140 жасты баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсім 3,5 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлығы 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл өткен жылдан 11, 4 пайызға өседі деген жоспарымыз бар. Қазіргі таңда 2,1 млрд тг бөлінді. Кем дегенде 140 жасты қамтуды жоспарлап отырмыз.

Биыл Арқалық қаласына, Амангелді және Жангелдин аудандарына ерекше көңіл бөлінеді. Облыстың осы өңірлерін дамытуға бөлінген қаражат 23 млрд-тан астам.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы