Орал өңірінде балалар туризмі қарқынды дамып келеді

Орал өңірінде балалар туризмі қарқынды дамып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батысқазақстандық балғындар соңғы 7 жыл қатарынан туристік көпсайыстан өткен, ел біріншілігінде ешкімге есе жібермеді. Дәл қазір 12 аудан мен Ақсай қаласынан облыс орталығына келген жас туристер вело және жаяу туризмнен кім мықтыны сарапқа салып жатыр.

Әсем Ғаділше 3-сыныптан бастап туризмнің әліппесін таныпты. Бүгінде 8-сыныпқа көшкен. Осымен екінші мәрте облыстық байқауға қатысып жатыр. Байқау барысында жас туристер кедергілерден өтуден, ағашқа арқанмен өрмелеуден, түрлі қашықтықтарға жүгіруден сынға түседі.

Әсем Ғаділше, жас турист:

- Туризм өте қызық және спорттың ең қызықты түрі деп санаймын өзім. Денсаулығың жақсарады, табиғатты біле бастайсыз. Басында өте қиын болады, бірақ сосын үйреніп кетесіз. Туризмде барлық спорт бір жерге жиналған. Бірнеше спорт бірге болады. Жүгіру, велосипед, арқанға жүгіру.

Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткендер облыс құрамасына енеді, республкиалық кезеңге  жолдама алады. Айта кетерлігі, облыс құрамасы соңғы 7 жыл бойы балалар, жасөспірімдер және ересектер санатында көпсайыстан ел біріншілігінде көш бастап келеді.

Ғалым Бекқалиев, облыстық Туризм және экология орталығының директоры:

- Батыс Қазақстан облысының құрама командасы әрбір ауданның балаларынан құралып, бүгінгі күні қатысып, осы шаралар атқарылып жатыр. Сосын тағы бір айтып кетері, спорттық туризм бағытында балаларымыз 7 спорт шебері және 28 спорт шеберлігіне үміткерлері бар. Ол – балаларымыздың жұмысы, нәтижесі бүгінгі күні жеткен.

Жүйелі жұмыс нәтижесіз емес. Егер елімізде балалардың туризм-өлкетану жұмыстарына тартылуы 4% аспаса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 12% құрайды екен.

Ғалым Бекқалиев, облыстық Туризм және экология орталығының директоры:

- Бүгінгі күні республика бойынша 40 туристік орталық жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде 14 Батыс Қазақстан облысында. Біздің облыста әр ауданда бір-бір туристік орталық жұмыс істеп жатыр. Ол деген – біздің Батыс Қазақстан облысының дәрежесі, жетістігі.

Балалардың облыстық туризм және экология орталығы сондай-ақ түрлі  жорықтар, экскурсиялар, экспедициялар, фестивальдер ұйымдастырып, жас туристердің жан-жақты танылуына күш салып жатыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.