Қытайдан велосипедпен шыққан қандастар Астанаға жетті

Арман қуып, Атажұртқа аттану. Қытайдан велосипедпен шыққан Думан Мәдетханұлы мен Оразай Алтынбекұлы есімді қос қандас Астанаға келіп жетті.

Саяхатшылардың велосаяхаты сәуір айында басталған. Қос қандас үш мың шақырымды артқа тастап келді. Веложорықтың мақсаты бала күнгі армандарын іске асыра отырып, екі ел арасындағы достықты нығайту. Мұндай веломарафонды олар үш жыл бұрын жоспарлаған еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалған. Елордаға жеткен азаматтар Атажұрттың табиғаты, халқы мен елдің жалпы даму қарқынын көріп, тебіреністерін жасыра алмады.

Думан Мәдетханұлы, велосаяхатшы:

- Осылай қандастарыммен бірге келіп, тебіреніп, не дерімді осы жер шыны керек ұқпай тұрмын. Табиғаты болсын, адам осы жердегі қандастарымыз болсын, сондай бір бауырмал, қазаққа тән мейірбандылық бауырмалдылық бар екені осы жерде көзім жетті.