Атыраудағы аялдамалардың сапасы көңіл көншітпейді

Атырауда осыдан 4 жыл бұрын жаңа үлгідегі 22 аялдама орнатылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ тұрғындардың көңілінен шықпай тұр. Қыста жылуы, жазда салқындатқышы жұмыс істемейді, - дейді тұрғындар. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының өз уәжі бар.

Мына аялдамалар пайдалануға берілгенде шаһар тұрғындары бөркін аспанға атып еді. Бірақ қуаныштары су сепкендей басылды. Қыста жылы, жазда салқын болады деген аялдамалардан атыраулықтар әлі қайыр көрген емес. Іші қыста қара суық, жазда қапырық. Қазір тіпті үйсіз жүргендердің панасына айналған.

Тұрғындар:

- Жилгородок аялдамасында, мысалы, ішіндегі кондиционері ыстық жел айдап тұр. Оның орнына салқын жүруі керек деп ойлаймын. Мынадай ыстықта адамдарға қиын, сондықтан соны қадағаласа.

- Аялдамалар қыс түгілі, аптап ыстықта да кәдеге жарамай тұр. Ал жауаптылар бұған тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр.

Темірлан Әубәкіров, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазір ашық тұрған аялдамалардың көбінде тұрғындар батырмаларды қозғау арқылы жылылық режимге қосып кету фактілері жиі кездесіп тұр. Бұл мақсатта аялдамаларды біз жекелеп қарап шығамыз. 109 бағдарламасы арқылы түсіп отырған ақпараттарды толық қанағаттандырып отырмыз. Бұл жөнінде бізге осындай аялдамада салқындатқыш істемей тұр деген ақпарат түскен жоқ.

Аялдамаларда салқындатқыштан бөлек, бейнебақылау камералары да істемейді. Жоба бойынша тегін Wi-Fi болуы керек. Енді бұл мәселені шешу үшін әкімдік сенімгерлік басқаруға беруге конкурс жариялапты. Жеңімпаз анықталғаннан кейін бейнебақылау жүйелері де, Wi-Fi желісі де толық іске қосылады деп сендірді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.