Елде тұтынушылар шағымдары жыл сайын 20% артады

Елде тұтынушылар шағымдары жыл сайын 20% артады

Тұтынушының жағдайын кім ойлайды? Бүгін Үкімет дәл осы мәселені назарға алды.

Себебі арыз-шағым азаюдың орнына жыл сайын 20 пайызға артып барады. Әсіресе сауда мен тұрғын үй комуналдық салаларында көбейген. Ресми ақпар бойынша былтыр құзырлы министрлік 30 мыңнан астам өтініш қабылдапты.

Енді бұл мәселе қалай шешімін таппақ? Үкімет қандай жол ұстанып отыр. Қабылданған арыздардың қаншасы шешімін тапқан.

Медицина қызметкерлерінің дөрекі мінез-құлқы, кәсіби біліксіздік, емханалардағы ұзын-сонар кезек. Жұртшылықтың негізгі шағымы осы. Ал байланыс саласында: Сапасыз интернет, абоненттік төлемнің негізсіз қымбаттауы. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарында қызметтің лайықты деңгейде көрсетілмеуі, санитарлық талаптардың сақталмауы жиі наразылық туғызады. Құзырлы министрлік басшысы Серік Жұманғарин былтыр тұтынушыларға шағым бойынша 786 млн. теңге қайтарылғанын айтты. Енді елде саланы трансформациялау басталды. Осы мақсатта заң жобаларына өзгерістер енгізіледі.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин:

- Біріншіден, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері бойынша Омбудсмен институтының енгізілуімен тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық институционалдық күшейту жүзеге асырылатын болады. Екіншіден, тұтынушылардың шағымдарын қараудың бюрократиялық төрт сатылы алгоритмді екі сатылы алгоритмге жеңілдету. Үшіншіден, кәсіпкерлік субъектілерін тұтынушының заңды талаптарын ерікті түрде қанағаттандыруға ынталандыру мақсатында соттың шешімі бойынша тұтынушының пайдасына айыппұл түрінде азаматтық құқықтық жауапкершілікті енгізу.

Ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы саладағы қоғамдық кеңесті омбудсмен басқаруға тиіс деп есептейді. Кеңестің әрбір мүшесінде тең дауыс құқы болуы қажет. Өйткені адал кәсіпкерлер айласын асыратын жалған кәсіп иелерінің қызметіне наразы. Мораторийге байланысты олардың іс-әрекетіне тосқауыл болмай тұр. «Бірқатар облыста тауарлардың 30%-дан астамы сапаға сай емес», - дейді Светлана Романовская

Светлана Романовская - Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы:

- Біз жүргізген зерттеулерге сай, Алматы облысы, Астана, Тараз, Ақтөбе өңірлерінде барлық тауарлардың 36 пайызы жалған. Мәселен, өсімдік майы, сары май секілді сүт өнімдерін өндірушілер әділ бәсекелесе алмай наразылық танытып отыр.

Былтыр уәкілетті орган осындай өтініштердің тең жартысына консультациялық-құқықтық көмек көрсеткен. Бұл арыздардың 40 пайызға жуығы шешім тапқан.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекеттік органдар өтініштерді уақытылы қарай бермейді. Көбінесе мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады. тұтынышылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет.

Мамандар кейінгі жылдары шағымдардың көбеюін тұтынушылық мәдениеттің артуымен де байланыстырады. Жалпы былтыр мемлекеттік органдарға тұтынушылар тарапынан 50 мыңға жуық өтініш түскен. Енді әрбір орталық орган өзі реттейтін саладағы азаматтардың наразылығының түпкілікті себебін талдауы қажет.

Тұтынушылар тарапынан түскен өтініштер саны өсті:

- қоғамдық тамақтану – 188%

- көлік қызметі – 143%

- медициналық қызмет – 113%

- байланыс қызметі – 102%

Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диханбаев