Қарағандыда қатты желден балалар жарақат алды

Қарағандыда қатты жел тұрып, ойын алаңындағы жасанды көгалды үстіндегі екі баламен қоса көтеріп әкеткен.

Екі жеткіншек те жарақат алып, жедел ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, біреуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Миы шайқалып, бас сүйегі мен қолы сынған. Ал қала әкімдігі "Көгілдір тоған" ауданындағы  жасанды көгалды мердігерлер бір апта бұрын ғана орната бастағанын мәлімдеді. «Жұмыс толық аяқталмағандықтан, жиегін бекітпеген», -дейді. Сондай-ақ, қатты желден қала ішінде ағаштар құлап, қаладағы оқу орнының шатырын ұшырып әкетті.

Роза Әшірбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мына жақта көрдіңіздер ғой краскалап қойған газонды. Соған маған айтқан подрядчиктер балаларды жүргізбеңіздер деп. Менің оның алдында алып таспен қоршағанмын өзім, огорадитетіп кешке жақын. Сол дауыл болғанда батут секілді көтерілді газон. Газон көтеріліп, бір баланы мына жерге алып келді ес-түссіз. Екінші бала ана подъездің алдында жатты. Желмен лақтырғанда мына темірге лақтырды.

Досбол Күлекеев, Әлихан Бокейхан ауданының әкімі:

- Мердігерлер жасанды көгалға спорт құрылғыларын орнататын болған соң жиегін бекітпеген. Жоспар бойынша жұмыс екінші жартыжылдықта аяқталып, тапсырылуы тиіс еді. Ал неліктен ол жерде қауіпсіздік шаралары ескерілмеді, арнайы белгі қойылып, таспа тартылмады. Оны құзырлы органдар тексеретін болады.