Қызылордада әкелер арасында спорттық сайыс өтті

Әке - отбасы тірегі. Қызылордада осындай атаумен спорттық сайыс өтті.

Қазақ халқы әкені ерекше қадірлеп, оның қоғамдағы рөлін дәріптеген. Отбасының беріктігі мен тұрмыстың  жайлы болуы ер азаматтың мойынына жүктелген міндет. Елде алғаш тойланған әкелер күні мерекесінде ұйымдастырылған эстфетада осындай  ұлттық құндылықтар ерекше дәріптелді.

Салтанатты шараны ашып берген облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов әкелер күні тек мереке ретінде атап өтілмей, шаңырақ темірқазығы есебінде әкелер мектебін дамытып, мәртебесін көтеру керектігін айтты. Бұл күні облыс орталығынан бөлек барлық ауданда спартакиада, танымдық кездесу, тәрбиелік жиындар өткізілді.

Қаламқас Кәрімова, Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы:

- Спорттық сайыстың негізгі мақсаты отбасында әкелердің жауапкершілігін арттыру. Балаларымен қарым-қатынасын нығайтып, жалпы отбасындағы жылулықты, байланысты арттыру болып табылады.

Көңілді эстафетаға 18 отбасы қатысып, 5 сайыс бойынша жарысты. Спорттық бәсеке асық атумен түйінделді.

Мұхтар Ниязов, эстафетаға қатысушы:

- Отанның тірегі – отбасы, отбасының тірегі – әкелер. Әкелерге арнайы күн беріп, отбасымен бірге осындай шаралар жасап жатқан ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз.

Фархат Досаев, эстафетаға қатысушы:

- Жүз мектеп бір әкенің тәрбиесін бере алмайды. Бүгін әкелер күні өте жоғары деңгейде атап өтіліп жатыр. Отбасымызбен сайсықа қатысып жатырмыз. Балаларды бір жағынан салауатты өмірге қалыптастыру. Қазіргі таңда көбісі гаджетке тәуелді. Сондықтан сол гаджеттен айырту мақсатында бір күн серпіліс болып жатыр.

Бессайыс қорытындысымен Тұрсынбековтер отбасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал асық атуда мергендік танытқан Омаровтардың мерейі үстем болды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев