Шымкентте «Отбасы банк» салымшылары қоныс тойын тойлады

Шымкент қаласында «Отбасы банк» салымшылары жаңа пәтерлерінің кілтін алды.

Армандағын баспаналарына тұрғындар «Өз үйім» бағдарламасының тиімді шарттарымен қол жеткізген.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушылары үшін пәтерлер құны 1 шаршы метрі 380 000 теңгеден келген. Бұл Шымкенттегі тұрғын үй нарығындағы пәтерлердің құнынан шамамен 13 пайызға төмен.

Шымкентте екі жүзге жуық отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Олардың ішінде – «Отбасы банкінің» салымшылары да бар. «Өз үйім» бағдарламасымен банк клиенттері «Kanfar Building» құрылыс компаниясынан 135 пәтер сатып алған. Алдағы уақытта құрылыс компаниясы жаңадан бой көтеретін «Отбасы», «Тұрар» және «Отырар» тұрғын үй кешендерінен Отбасы банк салымшыларына тағы 1600-ге жуық пәтер ұсынбақ.

Нұрлан Ақшанов, "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

- Мөлшерлемесі неғұрлым төмен болса, несие соғұрлым тиімді болады, өйткені артық төлем аз және пәтер сізге әлдеқайда арзанға түседі. Бізде қазір мөлшерлемелер 3,5-нан 10% - ға дейін және бұл қазіргі уақытта әбден қолжетімді.

Әсел Еркінбекова - үш баланың анасы. Көптен күткен пәтері көңілінен шыққанын айтады. Үйдің жанында ойын және спорт алаңдары бар. Таяқ тастам жерде мектеп пен балабақша тұр.

Әсел Еркінбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Отбасы банк бізге өте қолайлы болды. Біз қазір 5  процентке өттік осы март айынан бастап, проценті өте төмен.

Сондай-ақ, «Отбасы банк» Шымкент тұрғындары үшін бұрын-соңды болмаған «Қамқор» бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Бұл банк пен әкімдіктің бірлескен жобасы.  Пәтерлерді кезекте тұрмайтындар ала алады.  Бірақ мамандықтардың бекітілген тізімі бар. Тұрғын үй қарызының бір бөлігін бюджет жабады.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы 3 млрд біз жергілікті бюджеттен ақша бөлдік. Осы екі аптаның ішінде Қамқор бағдарламасы бойынша бірінші келісімшарттарға қол қоямыз.

«Өз үйім» бағдарламасына қатысу үшін атыңызда баспанаңыздың бар-жоқтығы мен тұрақты тіркеудің болуы маңызды емес. Аталмыш бағдарламамен осы күнге дейін 22 446 қазақстандық қоныс тойын тойлай үлгерді.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Бемұратов