Елде еріктілер саны 4 есе өсті

Қысылтаяңда қасыңнан табылып, ас-суыңды жеткізеді.

Жоғыңды түгендеп, керек болса ақша да тауып береді. Бұл - волонтерлер.

Кейінгі жылдары тегін көмектесуге дайын белсенділер саны төрт есеге өскен. Қазір 200 мыңға жуық қазақстандық игі істерге жұмылып, қоғамға көл-көсір пайдасын тигізіп жүр.

Айзада Жүсіпова қалаған еріктілер қозғалысы бүгінгі күнге дейін із-түзсіз жоғалған екі мыңнан астам адамды тауып үлгерді. Бұл жеті жылдық қызметтің нәтижесі. Айзада шаштаразда жұмыс істейді, бірақ бұл ұжыммен бірге адам іздеуге кедергі емес. "Елордада жаз мезгілінде көбіне балалар мен қарттар адасып кетіп жатады. Балалар бір күн ішінде табылса, қариялармен бәрі әлдеқайда қиын. Оларды іздеу кейде бірнеше аптаға созылады", -деді ол.

Айзада Жүсіпова, еріктілер қозғалысының жетекшісі:

- Бізге хабарласатын адамдарды біз танымаймыз. Олар да бізді танымайды. Бірақ, бізге әрқашан шын ниетпен алғыс айтады. Себебі жоғалып кеткен туысы табылғанда, кез-келген адам ерекше қуанышқа бөленеді. Оларға қарап, біз де қуанамыз. Ең маңыздысы осы.

Ал Назым Бақыт еріктілер қатарына екі жыл бұрын қосылған. Волонтерлік - ол үшін хобби ғана емес, өмірінің ажырамас бөлігі. Ол әртүрлі шараларға өз үлесін қосып, көмек қолын созып жүр. Рим Папасы қатысқан Әлемдік діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруға да атсалысты. Қазір Назым ағылшын тілі курстарында сабақ береді, алайда болашақта ол жануарларды қорғау қорын ашуды армандайды.

Назым Бақыт, волонтер:

- Волонтерлікпен айлалысу деген тек қана хобби емес немесе жай бос уақытты өткізу емес. Ол әрбір адамның қолынан келетін жақсы дүние деп санаймын. Жалпы біздің Астана қаласындағы волонтерлері жайлы айтатын болсам, олар өте белсенді, көмекке әрдайым дайын. Кішкене бір көмек қажет болса, олар міндетті түрде тез жауап береді. Керек волонтерлердің саны 5-10 минуттың ішінде жиналады деуге болады.

Халықаралық форум, пандемия, табиғи апат немесе төтенше жағдай. Еріктілердің қызмет аясы айтарлықтай кең. Олар бүкіл әлемдегі адамдар мен жануарларға көмектесіп, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосады. Алғашқы ұйым осыдан 25 жыл бұрын Семейде ашылған. Соңғы жылдары олардың саны үш есе артты. Қазір бұл қызметпен 600-ден астам бірлестік айналысады.

Татьяна Миронюк, ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры:

- Қазір қоғамда волонтер жайлы түсінік қалыптасты,, бірақ қате стереотипті ұстанатындар да жоқ емес. 10 жыл бұрын адамдар біздің кім екенімізді, немен айналысатынымызды түсінбейтін, ал қазір заң бар, волонтерлік ұғым бар. Көбі еріктілерді – төтенше жағдай кезінде тамақ жеткізіп берушілер деп есептейді. Іс жүзінде, олар – ерікті түрде қоғам игілігі үшін қайтарымсыз жұмыс істейтін адамдар.

Ертең елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында волонтерлердің  халықаралық форумы басталады. Оның аясында еріктілер қозғалысының негізгі бағыттары талқыланып, тәжірибе алмасу және волонтерлердің ел дамуына қосқан үлесі жайлы сөз қозғалады. Маңызды шараға 30-дан астам мемлекеттен делегат қатысады.

Авторлары: Айжан Бірлікқызы, Наурызбай Құрманғазы