Абай облысында Батпаев орман шаруашылығының 10% аумағы жанып кетті

Абай облысында Батпаев орманшылығынан 11 күн бұрын басталған өртті сөндіру әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тілсіз жаумен күреске 500-ден астам адам мен 167 техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, орман өртін өшіру үшін 1 айға жуық уақыт кетеді.

Биылғы маусым өңір тұрғындары үшін оңайға соқпады. Орман от құрсауында қалды. Мұндағы жұрт жаңбыр жауса екен деп күндіз-түні тілеп отыр. Ауа райының қолайсыздығы өртті өшіруге мүмкіндік берер емес. Қазір қажыған қызметкерлер қалған өрт ошақтарын сөндіруді жалғастырып жатыр.

Анастасия Лушина, «Семей орманы» резерватының орманды қорғау және күзет инженері:

- Қураған ағаштар өрттің қайта тұтануына әсер етіп отыр. Тоғайдың әр жері түтіндеп жатыр. Өртті толық өшіру әзірге мүмкін емес, бұған 2-3 аптадай уақыт кетеді. Өрттің аумағы өте үлкен.

Өрт шарпыған аумақ көлемі – әзірге сол 60 мың гектар. Бірақ нақты қанша гектардың өртенгенін аумақты толық тексергеннен кейін біле аламыз, - дейді «Семей орманы» резерватындағылар.

Анастасия Лушина, «Семей орманы» резерватының орманды қорғау және күзет инженері:

- Резерваттың жалпы аумағы 656 мың гектардан асады. Бүгінде оның 10% жанып кетті. Өрт кезінде күйік шалған жануарлар табылды. Бірақ оларға көмек көрсетіліп, тірі қалды. Әзірге жануарлардың өлгені туралы дерек тіркелген жоқ.

Аэровизуалды ұшу барысында анықталған өрт ошақтарын сөндіру және күзету жұмыстарына 500-ден астам адам, 160-тан астам техника мен 6 тікұшақ жұмылдырылды. Жерновский, Каштакский және Талица орманшылығында жағдай үнемі бақылауда.

Манарбек Шапағатов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Қазір жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамымен және «Семей орманы» резерватының қызметкерлері өрт аумағын үнемі қарап жүр. Қазір ауа температурасы 36 градус. Желдің жылдамдығы секундына 9 метр.

Табиғи апаттан зардап шеккендердің отбасына көмек көрсету де қатаң бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті билік қазір жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Көмек қолын созам деген жандар үшін де арнайы есепшот ашылған.

Айнұр Сұлтанова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Халық банкі әрбір отбасына 3 млн теңгеден, «Қазақстан халқына» қорынан әр отбасына 3 млн теңге, әрбір балаға 2 млн теңгеден қаржы бөлінді. Жергілікті әкімдік тарапынан 15 жанұяға үйдің кілті тапсырылды. Осы қаза тапқан және зардап шеккен жанұяларға шілде айында кәмелетке толмаған мектеп жасындағы балаларға жалпы бірдей оқыту есебінен 500 мыңдай көмек көрсетіледі.

Сарапшылар өртті толық өшіргеннен кейін санитарлық тазалық үшін күйген орман ағаштарын кесуге тура келеді дейді. Бұған бір жылдан астам уақыт кетеді. Ал орманды қайта қалпына келтіру үшін 100 жыл да аздық етуі мүмкін.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Асем Утешева, Берик Жобалайулы.