Ақтөбеде көпке үлгі «күміс волонтерлер» тұрады

Ақтөбеде тұратын Қуаныш пен Раушан Төртбаевтар біраз жасқа келсе де қоғамда ізгіліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Алпысты алқымдаған ерлі-зайыптылар өңірдегі еріктілер бірлестігінің белді мүшелері. Жоғалғанды таппай жаны тыншымайтын, жарымжанға қолдау көрсетіп, жалғызға медеу бола білген қасиеттері үшін ізбасарлары оларға «күміс волонтерлер» деп ат қойған.

Көктемгі тасқын кезінде баспанасына су кірген жандарға киім-кешек, тұрмыстық бұйымдарды үлестірген Раушан Төртбаева жомарт жандардың жылуын жеткізуші. Жүрегі нәзік волонтер қиын жағдайға душар болғандардың тағдырын жүрегіне жақын қабылдайды. Жауынды күздің бірінде отын-суы жоқ қуықтай бөлмені паналап отырған отбасын көргенде елжіреп кеттім, дейді. Мүгедек ананың шиіттей балаларын жеткізем деп шырылдағаны жанына қатты батқан. 

Раушан Төртбаева, волонтёр:

- Сол күні сол отбасына азық-түлікті де жіберіп, есік те қойылды бір жетінің ішінде, су да кіргізілді, и газ да өткізілді халықтың арқасында. Үш баласы үш жақтан жабысып, көз жасын... жылағаны әлі есімде сол. 

Отағасы нәзік жанды зайыбын әрдайым қолдауға әзір. Волонтерлер бірлестігіне ол жеті жыл бойы мүше. Қолда барын мұқтаж жаннан аямайтын қайырымды қария әлемді жайлаған жаман дерт Ақтөбеге жеткенде нағыз сынға тап болдық деп отыр. Еріктілер қозғалысының шыңдалған сәті де сол кез. 

Қуаныш Төртбаев, волонтёр:

- Қасымда жүрген қыз-жігіттердің бәрі ерледі. Әсіресе ер азаматтар төте келген сырқатқа дес бермей, барлық ауруханаға оттегі баллондарын жеткізді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдау көрсетті. Қорғаныш киімдерін киіп азық-түлікті де тасыды. 

Зейнет жасқа таяған ерлі-зайыптыларды еріктілер бірлестігінде «күміс волонтерлер» деп біледі. Бұл шашына ақ түскеніне қарамастан қайырымдылық жасауда қайраттылық танытып жүрген жандарға көрсетілген құрмет. 

София Молодоженя, "Добро" волонтёрлер қозғалысының үйлестірушісі:

- Волонтерлер күнделікті түрлі жағдайға тап болады. Жан-дүниеңнің қуанатын да, күйзелетін де кезі жиі болады. Көмек көрсетіп жүрген адамның тағдырын жүрегіңмен қабылдап, жылап та алатын кез аза емес. Сондықтан Қуаныш аға мен Раушан апа бізді сабырға шақырып, байсалды болуды үйретеді. 

Қазір Ақтөбе облысында мыңдаған белсендінің басын біріктірген бірнеше волонтерлік бірлестік бар. Олардың ішінде қоғамның өміріне күнделікті етене араласып отырғандары өңір тұрғындарына кеңінен танымал. 

Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков