Абай облысындағы өртті сөндіруге волонтёрлер көмектесті

Абай облысындағы орман өртін сөндіруге 100-ден астам волонтёр қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өрт сөндірушілерді қажетті заттармен қамтамасыз етіп, ас әзірлеп берді. Қара түтін арасында жүріп, қызыл жалынмен арпалысқан еріктілер де болды. Жоғалған адамдарды іздеуге шыққандардың да көбі волонтерлер еді.

Алена Белоусова төтенше жағдай кезінде іздестіру шараларына атсалысты.  Ол еріктілер қатарына 3 жыл бұрын қосылған. Осы уақыт аралығында жоғалып кеткен ондаған адамды іздестірді. «Адам жоғалғанда ең бастысы –   алғашқы сағаттарда нақты әрекет ету», - дейді ол.

Алёна Белоусова, волонтёр:

- Егер бала жоғалып кеткен жағдайда біз күн демей, түн демей дереу іске кірісеміз. Менің ойымша, волонтер болу адамның ішкі болмысында болатын, жүрегінің түкпірінен шығатын ізгі амал.

«Семей орманы» табиға резерватында болған өрт кезінде волонтерлер көмегі ауадай қажет болды. Сол кезде еріктілер гуманитарлық көмекті тасып жеткізумен қатар ыстық тамақ әзірлеп отырды.

Еламан Тойымбеков, аға өрт сөндіруші:

- Бізде бәрі жеткілікті. Техника, тамақ, су. Мұнда тұрғындар бәрімен қамтып жатты. Бәріне ризамыз.

Волентерлер өз жеке бас мәселесін айта бермейді. Керісінше, өзгелерге барынша көмек қолын созуға тырысады. Дегенмен жәрдем шын көмекке мұқтаж жандарға ғана жасалады.  

Әлия Рахымбаева, волонтёр:

- Жұмасына 1-2 рет ондай өтініштер түседі бізге. Әрине, біз оларды тексереміз. Өйткені қазір алаяқтар көп болады ғой. Айтатын мәселелері: бізде үйде тамақ жоқ, жұмыс істей алмаймыз, балаларымыз кішкентай. Ал тексергенде нақты келсек, сондықтан оны да тексеріп жібереміз қадағалап.

«Lider KZ» волонтерлік қозғалысы жеті жыл бұрын құрылды. Сол жылы еліміздің жанашыр жандары Нұра өзені бойынша жоғалып кеткен 2 жасар қызды іздестірген еді. Содан бері ел волонтерлерінің көмегімен із-түзсіз кеткен адамдардың жартысы аман-есен табылыпты.  

Авторлары: Алмас Садуақас, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы.