Көкпарға салар ат қандай болуы керек?

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – көкпар. 

Жігіттің намысы сынға түсетін бұл ойын түрі еліміздің оңтүстігінде жақсы дамыған. Күнгейде ат жалын тартып мінген әр азамат қазанат баптап, көкпар шабады.
«Көкпар - шабандоз шыңдалатын, сәйгүлік сыналатын дода», - дейді түркістандық атбегі Ыхтияр Бахтиярұлы.

Талай көкпарда топ жарып, салымды болған мына сүлік қараның жасы сегізде. Шоқтығы биік, омыраулы жануар ат дүбірін естігеннен-ақ тыпыршып, бір орында тұра алмай кетеді. Иесі оны Польшадан арнайы алдырған. «Көкпарға шабатын атқа ерекше бап керек. Бастысы, жануар тұрықты, қайратты, кең тынысты болғаны абзал. Додаға түскен кезде ақыл-айла қажет» - дейді белгілі атбегі Ыхтияр Бақтиярұлы.

Ыхтияр Бахтиярұлы, атбегі:

- Аттың бұл бағы мен бабы сай келсе, атың сонда шабады ғой. Бабына да байланысты аттың өзінің. Көңіл күйіне де байланысты. Аттардың өзінің мінезі бар. Мысалы үшін мына Асторы деген атқа тек қана мінер жағынан бармасаң, екінші жағынан жақындатпайды. Мына Барон деген атымыз да осындай. Мінездері жеңілдеу.

Жүйріктерді баптауға шабандоздар да атсалысады. Додаға түсер алдында көкке тек аунатып алу үшін ғана шығарады. Жаймайды. Сүр шөппен ғана баптайды. Терін алып, таң асырып отырады

Бекжан Шалабаев, шабандоз:

Көкпарда салым салу оңай емес. Мысалы додаға түскеннен кейін ол күрес емес, басқа емес, оның ішінде соқ соқ қатты болады. Атқа көкпар тигеннен кейін оны үйретесің жас кезінен. Мысалы мына атта үйретіп жатқанымызға екі жыл болды. Қазір уже көкпарды түсініп қалды. Көпар денесіне тигеннен кейін өзінің жолын тауып кетеді.

Ыхтияр Бахтиярұлының аттарын сатып алғысы келетіндер көп. Бабы келіскен тұлпардың бағасы да арзан емес. Жүз мың долларға сұрап келгендерге де қимадым дейді иесі. Мақсаты көкпарға салар сәйгүліктерді көбейте беру. Себебі көкпар бүгінде елдің даңқын шығарар ұлттық спорт түріне айналған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш