Қостанай облысы Новопокров ауылында жаңа үйлер салынады

Қостанай облысының Новопокров ауылында биыл бірнеше жаңа үй салынып, жолдар жөнделеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның сыртында орталықтандырылған су желісінің құрылысы басталады. Бұл мақсатқа бюджеттен тыс, жергілікті кәсіпкер де қомақты қаржы бөліп отыр.

Мынау – Новопокров ауылының орталық көшесі. 1 шақырымнан астам аралықтың асфальты сонау Кеңес заманында төселген. Содан бері жөндеу көрмеген жолдың қазіргі күйі сын көтермейді. Тозығы жеткен тасжол биыл алғаш рет жөнделіп, көшеге жаңа асфальт төселмек. Жобаның құны – 92 миллион тенге.

Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі тағы 1 шақырым жол жергілікті шаруашылықтың есебінен жөнделеді. Жаңадан 3 тұрғын үй салынып жатыр. Ал қаңырап тұрған ескі үйлер бұзылып, орны тазартылады. Көше бойына ағаштан және темірден 2 шақырым қоршау орнатылады. Осы жұмыстың бәріне жергілікті шаруашылықтан 200 млн теңге бөлінген. 

Владимир Демин, ауыл тұрғыны:

- Өткен жылдармен салыстырғанда биыл оң өзгеріс көп. Көп жұмыс атқарылып жатыр. Біз, әрине, бұған қуаныштымыз.

Әкімнің айтуынша, 500-ден астам тұрғыны бар ауылда жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер жоқ. Дені жергілікті серіктестікте еңбек етеді. Тағы бір шағын қожалық пен 3 жеке кәсіпкер бар. Одан қалды әркім өз үйінде қосалқы шаруашылығын жүргізеді.

Виктория Рубцова, ауыл тұрғыны:

- Еңбектен қашпаған адамға ауылда жұмыс жеткілікті. Табысымыз да жаман емес. Мал, құс ұстағандар жергілікті шаруашылықтан жем-шөпті арзанға алуына болады. Енді тек су мәселесі шешілсе дейміз.

Аудан басшылары Новопокровқа орталық су желісін тарту жұмысы биыл басталып, келер жылы аяқталады деп отыр. Инфрақұрылымды жақсарту ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге оң ықпал етуі тиіс. Қазір мұнда агроном, мал дәрігері, мәдениет қызметкері тәрізді мамандар жетіспейді.

Ербол Боржақов, Новопокров ауылының әкімі:

- Жас мамандар келетін болса, үймен қамтамасыз етеміз. Биыл, міне, су тартады. Подьемный ауданнан мемлекеттік мекеме орналасатын жас мамандарға.

Жалпы Ұзынкөл ауданында биыл 15 жаңа үй салынады. 6 ауылға сапалы ауызсу тартылып, 30 шақырымға жуық жол жөнделеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров.