1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс күшіне енеді

1 шілдеден бастап елімізде мазмұны жаңартылған әлеуметтік кодекс күшіне енеді.

Құжатқа 500-ге жуық түзету енгізілген. Атап айтқанда, ол әрбір адамға дүниеге келгеннен бастап, кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттарды қолдау мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар, шілде айынан бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Кодексте мүгедектігі бар азаматтарға да біршама жағдай жасалған. Атап айтқанда, мүгедектерге, олардың қамқоршыларына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артады. Жәрдемақы мөлшерінің жыл басында 8,5%-ға ұлғайғанын ескерсек, төлем құны жалпы 23%-ға өспек.