Оңтүстіктегі мақта алқаптарының ауданы біршама азаяды

Бұл – Түркістан облысындағы суармалы шаруашылыққа қажет тіршілік нәрін үнемдеу үшін қолға алынып отырған шара, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдың өзінде алқап аумағы 15 мың гектарға қысқарды. Жергілікті атқарушы билік бұл үрдісті жалғастыра беретінін айтады. Өйткені мамандар суды көп мөлшерде қажет етпейтін дақыл өсіруге кеңес беріп отыр. Мәселен, мақта орнына жүгері отырғызу тиімдірек. Бұдан бөлек, су тапшылығын болдырмас үшін өңірде жаңадан су қоймасы салынып жатыр. Былтыр соның бірі іске қосылған еді. Нәтижесінде Түркістан облысы егістікті суаруға қосымша 34 млн текше метр су алуға қол жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

- Түркістан магистралды каналын 59 шақырым бетондау арқылы 60 млн текше метр су үнемделді. Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Аталған жобаларды іске асыру есебінен ағын су тапшылығы толық шешілетін болады.