Қазақстанда экологиялық туризмге сұраныс артты

Түркістан облысында «жасыл» туризмді дамыту үшін демалыс аймақтарына жүктемені теңдей бөлу көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар саяхатшылар көп баратын аумақтарда экологиялық ағарту жұмыстары күшейтіледі. Туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Қазір мұнда жаңа туристік бағыттар ашылып жатыр.

Таза ауа, қайталанбас сұлу табиғат. Сирек кездесетін аң мен құстар. Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары артқан. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады.

Туристерге бағыт-бағдарды отбасылық жұп Елена мен Наиль көрсетеді. Олардың Қазақстанның ғажайып табиғатын таныстырып келе жатқанына 15 жыл өтіпті. Айтуларынша, саяхатшылар тылсым табиғат аясында демалғанды ұнатады. Әсіресе өркениеттен тыс, адам аяғы баспаған жерлерді таңдайды. Демек жабайы табиғат пен мүлгіген тыныштықты қалайды.

Елена Белова, экскурсия жетекшісі:

- Экотуризм қатты дамып жатыр. Менің ойымша, қызығушылық пандемия кезінен басталды. Демалушылар қатары күннен күнге артып келеді. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді.

Түркістан облысында Сайрам–Өгем ұлттық табиғи паркі жоғары қызығушылыққа ие. Ол Батыс Тянь-Шань тауының солтүстік–шығысында орналасқан. Былтыр осы жерге 69 мың адам саяхат құрған. Ал биыл тау бөктеріндегі әдемі жерді көруге асыққандар саны бұдан да көп. Төменгі Сайрам көлі – ұлттық табиғи саябақтың ең танымал орынның бірі. Бірақ бұл жерге жету үшін туристер 11 шақырымдық бұралмалы тау соқпақтарын жаяу өтуі керек. Биыл туристік бағыттарды абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Адам аяғы көбейген сайын басқа да мәселелер туындайтыны – ақиқат. 

Шыңғыс Шүменов, Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі бас директорының м.а.:

- Тұрмыстық қалдықтар бар. Өрт қаупі туындайды. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға көптеген өзгерістер енгізілді. От жағуға қатаң тыйым салынған. Бақылау-өткізу қосында қауіпсіздік шаралары туралы әр адамға жеке түсіндіріледі.

Меруерт Сәрсембаева, Қазақстандағы БҰҰ Биоалуантүрлілік саласындағы жобалар менеджері:

- Біз көптеген жылдар бойы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды жан-жақты қолдау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сол жұмыстардың бірі – осы  ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тұрақты экотуризм жұмысына қолдау көрсету. Басқару жоспарларын дайындап, сол басқару жоспарларының аясында экологиялық туризм бойынша мақсаттар, индикаторлар жоспарлауды көрсетіп және пилоттық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға экотуризмді дамыту стратегиясын жасауға өткен жылдары көмектестік.

Сонымен катар туристік бағдарлар Катонқарағай ұлттық паркі мен «Көлсай көлдерінде» де жаңартылды. Қазақстанда орман-таулардың, шөл дала мен көлдердің биологиялық алуан түрлілігін қамтитын 14 ұлттық парк бар.  Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сай былтыр оларды тамашалауға 2 миллионға жуық турист келген. «Жасыл» туризмді дамытуға кешенді–біркелкі жүктеме бөлінеді. Сондай-ақ экологиялық ағарту жұмыстарын күшейту көзделіп отыр. Экскурсиялар мен жорықтар кезінде табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы ақпараттар беріледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов.