Атырауда заңсыз кәсіпкерлікке тыйым салынды

Атыраудың орталығындағы Исатай-Махамбет алаңында заңсыз сауда-саттыққа тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жергілікті әкімдік аумағы 4,5 гектар болатын алаңның 400 шаршы метрден астамын кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін тендер жариялады. Бұған дейін азаматтар осы алаңда батут, велосипед, балалар машинасын жалға беріп, балмұздақ, мақта сатумен заңсыз айналысқан. Қала тұрғындары да орталық алаңның базарға айналғанын айтып шағымданды. Енді жергілікті билік кәсіп иелерінің заңды жұмыс істеуі үшін осындай шешім қабылдаған. Ниет білдіргендер 27 кәсіпкерлік нүктені тендерден ұтып, пайдалана алады.

Гүлхан Ғалымжанова, қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

- 436 шаршы метр бөлігі тендерге жарияланады. Ал қалған ашық алаңында халықтың демалуына еш кедергі жоқ. Заңсыздық болмасын деген мақсатта тендерге жарияланып отыр ғой. Ұтып алған адам өзінің орнында тұрады. Жарияланбаған жерде батуттар, паровоздар, машиналар қойылған жағдайда полиция қызметкерлерімен, кәсіпкерлік бөлімімен шаралар алынады.