Шымкентте опера және балет театрының жаңа ғимараты салынады

Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызын қабылдады.

Кездесу барысында елдегі опера өнері мен мәдениетін дамыту жайы талқыланды. Президентке Шымкентте қалалық опера және балет театрының жаңа ғимаратын салу жоспары баяндалды. Мемлекет басшысы жас таланттарды дайындау, театр репертуарын шетелдік және ұлттық қойылымдармен жаңарту маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Майра Мұхамедқызының мәдениет саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтып, опера әншісіне шығармашылық табыс тіледі.