Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстары уақытында аяқталады

Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел бойынша жанар-жағармайдың маусымдық тапшылығын болдырмау үшін ауқымды науқан кестеге сай аяқталуы тиіс. Қазір елде мұнай өнімдері жеткілікті. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері айтты. Мамандар жөндеу жұмыстарымен танысып, өндіріс ошағында жүзеге асырылатын маңызды жобаларды талқылады.

Қазір бірнеше өндіріс нысанындағы жұмыс жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Бұл науқанға 1600-ден астам маман жұмылдырылған. 

Қуаныш Бишімов, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры:

- Жөндеу барысы күнделікті бақыланады. Қазір жоспарланған жұмыстың 48% орындалды. Яғни, мерзімнен бұрын атқарылып жатыр. Ағымдық жөндеу кезінде учаскелердің бәрінде өрт қауіпсіздігі күшейтілді.

Қазақстан бойынша жанар-жағармай қоры жеткілікті. 500 мың тоннадан астам дизель, 300 мың тонна бензин және әуекеросиннің 100 мың тоннасы бар. Мамандардың айтуынша, ішкі нарықтағы жағдай тұрақты. Жиында қысқы дизель отынын өндіру мәселесі қозғалды. Бұл ретте сутегі шығаратын қондырғы салу жобасы қолға алынады. 

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ басқарма төрағасы:

- Осы жобаның құндылығы 80 млн еуроны құрайды. 2025 жылдың аяғына қарай осы жоба аяқталуы керек. Бұл жоба бізге не береді? Бұл жобаның арқасында біз қысқы немесе арктикалық дизельді шығара бастаймыз. 160 мың тонна көлемінде. Сондықтан бұл жоба өте маңызды. Оған 2-3 жыл керек.

Сонымен қатар басқосуда мұнай-химия зауытын әр 3 жыл сайын жөндеу керектігі айтылды. Ұлттық компания басшысы қауіпсіздік шараларын ескере отырып, өндіріс орнын жаңғырту жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, зауыттағы жоспарлы жөндеу 19 шілдеде аяқталуы тиіс.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков.