Түркістан облысындағы ауыл ішімдік пен темекіден бас тартты

Түркістан облысында тағы бір ауыл шылым мен ішімдіктен бас тартты.

Салауатты өмір салтын ұстанатын елдімекенде денсаулыққа зиянды өнім, мүлде сатылмайды. Бұл ауыл ақсақалдарының бастамасы екен. Төлеби ауданы Қоғалы ауылында соңғы уақытта қылмыс дерегі тіркелмеген. Ажырасатындар да аз. Былтыр аймақтық байқауда бұл ауыл «Үлгілі  елді мекен» атанды. Түркістан облысы бойынша кейінгі алты жылда темекі мен алкоголь тұтынбайтын ауыл саны 12-ге жеткен. Келген қонақтардың өзі, ауылдың жазылмаған заңына бағынады. Өйткені жергілікті дүкендерде, спирттік ішімдіктер мен табак өнімдеріне сұраныс жоқ.

Нұртөре Нұржамал, Қоғалы ауылдық округінің тұрғыны:

- Табиғат аясында тұрғаннан кейін өзіміздің денсаулығымызды құртқымыз келмейді. Үлкендердің шешімі бойынша керек заттар, азық-түліктер сатамыз. Алкогольді ішімдіктер және темекі сатпаймыз. Барлық заттар күнделікті күнкөріске нан, жаңағыдай сулар соларды сатамыз.