Түркістанда «Күй құдіреті» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласында «Күй құдіреті» атты республикалық байқауы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған еліміздің әр аймағынан іріктелген 30 күйші қатысты. Домбырашылар 2 кезеңнен тұратын сайтыста Құрманғазы Сағырбайұлы, Төлеген Момбеков және Сүгір Әлиұлының күйлерін орындады. Байқаудың тағы бір ерекшелігі, домбырашылар шетпе күйді де, төкпе күйді де тартты. Жиында жас домбырашылар танымал тұлғалардың туындыларын шебер орындап, жиналғандардың жанын жадыратты.

Қазылар алқасының шешімімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4 курс студенті Сүндет Абдужаппаров бас жүлдеге лайық деп танылды. 700 мың теңге сыйақыға ие болды. Жүлде қоры 500 мың теңге болатын І орын түркістандық Жандос Құлымбетовке бұйырды. Ал тараздық Мейірбек Әзімбаев ІІ орынды иеленіп, 200 мың теңгенің сертификатын алды.

Сүндет Әбдужаппаров, байқаудың бас жүлдегері:

- Шынымды айтсам, күткен жоқпын. Бұндай бас жүлде аламын деп. Өйткені қарсыластардың барлығы – еліміздің түкпір-түкпірінен келген, елге танымал өнерпаздар. Аллаға шүкір, осындай жетістікке жеткізіп жатқанына. Осындай конкурстар көп болса. Бұған дейін де жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін.