Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты қамауға алынды

Бұл туралы Антикоррупциялық қызмет хабарлады.

Адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, адвокат Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін сот органдарының лауазымды тұлғаларына беремін деген сылтаумен оның жұбайынан 460 мың АҚШ долларын алған. Ал жұбайының өзі аса ірі көлемде пара беруге оқталды деп күдікке ілінді.

Арман Тлеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақыша ұстау изоляторына қамалды. Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылды. Қазақстан Республикасы Қымыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабына сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша кінәсіз деп есептеледі.