Түркістан облысында 8 адамнан Конго-Қырым қанды безгегі анықталды

Түркістан өңірінде кене шаққан 8 адамнан Конго-Қырым қанды безгегі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы деректер Мақтаарал мен Жетісай аудандарында тіркелді. Малдың соңында жүрген тұрғындар кене шаққаннын байқамаған. Өзін жайсыз сезінгеннен кейін ғана дәрігерге барған. Қазір науқастар инфекциялық ауруханада жатыр.

Жыл басынан бері облыс аумағында 842 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген екен. Соның 37-сі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті ретінде тексеріліп, 8-інің қатерлі кеселге шалдыққаны расталды. Олардың екеуі Сауран ауданында, одан бөлек, Ордабасы, Отырар, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласында бір-бір адамнан анықталды. Қазір зиянкестер шыққан аумақтар толығымен залалсыздандырылып, олармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынған.

Нұрбек Нышанов, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Тіркелген 8 індетке шалдыққанның жартысынан көбі ауруханадан емделіп шықты. Қазіргі таңға Мақтаарал, Жетісай және Төлеби аудандарындағы науқастар стационарлық ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі эпидмаусымды ескеру керек. Міндетті түрде қырағылық танытып, сақтық шараларын орындау керек. Далаға шыққанда, серуендегенде, малға қарағанда өзінің киіміне қарап, кене жабысқанын тексеру керек.