Нашақорлыққа қарсы кешенді жоспар қабылданды

Ел Үкіметінің Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарды қабылдауы Президенттің тағы бір маңызды бастамасы жүзеге асқанын білдіреді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент былтырғы қыркүйек айындағы Жолдауында осындай жоспар әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

Ерлан Қарин: Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында да синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күресті маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілегенін айтты. Былтыр Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес синтетикалық есірткінің таралуы мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерді. Депутаттар да есірткі проблемасына алаңдаушылық білдіріп, депутаттық сауал жолдады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Президент Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жастар арасында есірткінің таралуын ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атады. Мемлекет басшысы бұл мәселені айрықша бақылауда ұстайтынын айтты. Қабылданған кешенді жоспар сарапшылар арасында, соның ішінде Жастар саясаты жөніндегі кеңесте де кеңінен талқыланды. Құжаттағы жаңа тетіктер мен құралдар, ең алдымен, нашақорлықтың алдын алуды және есірткіге тәуелді адамдардың санын азайтуды көздейді. Кешенді жоспардың ең басты мақсаты – қоғамның, азаматтық институттар мен барлық билік органдарының күш-жігерін осы мәселеге жұмылдыру.