Қызылорда облысында диқандар судан таршылық көріп отыр

Елдің оңтүстігіндегі диқандар судан таршылық көріп отыр.

Ауыл шаруашылығы және экология министрлері жағдайдың оңай емес екенін мойындады. Олардың айтуынша, диқандар ылғал сүйгіш дақылдар алқабын қысқартуға асықпайды. Сол сепбепті онсызда аз су, бәріне бірдей жете бермейді.

Қызылорда облысының Қазалы ауданында дән себілген 545 гектар алқап қурап қалды. Ал шаруалар 200 млн теңгеден астам шығынға батты. Аумақта 19 мың 200 гектар егіс алқабы бар. Мамандар жерді сортаңға айналдырмас үшін кемінде 10 мың гектарына дақыл егілуі тиіс дейді. Алайда су   тапшылығы бұған мүмкіндік бермей жатыр. Мысалы, биыл 6,5 мың гектары ғана игерілді. Солтүстік ауданда егілген дақылды дер кезінде тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін 62 текше метр су қажет. Диқандар суды арнайы кестеге сай кезектесіп пайдалануға мәжбүр.

Кеңес Шайықов, шаруа қожалық агрономы:

- Кезекке өзіміз келісіп отырмыз. Амал жоқ, олар да егу керек қой. Біз қашыртқыдағы суды қайтадан пайдалана алмаймыз, менің қашытртқым ең төмен түскен, оны жоғарыға алып шығып пайдалау сапасы өте нашар болады ол судың.

Мәселені ведомство басшысы Зүлфия Сүлейменова жоққа шығармады. Ол күріш алқабын қысқарту қажеттігі бірнеше рет ескертілгенін айтты. Тәуекелді ескермеген диқандар дақылды жоспардан көп еккен.  Бұл ахуалды күрделендіріп жіберді. Бассейндік инспекция тұрақты суару үшін суды пайдалану лимитін қысқартты.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Қызылорда облысында да Шардара су қоймасына судың аз түсуіне байланысты шілде айында суармалы жерлерді, әсіресе күріш дақылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша шиеленісті жағдайдың туындауы жоққа шығарылмайды. 2023 жылы күріш дақылын 83,9 мың га күріш алқабында егу жоспарланып, іс жүзінде 88,107 мың га егілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 9,8 мың га артық (78,3 мың га).

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл суармалы жерлерді өңдеуге 11,5 млрд м3 су қажет. Елде су үнемдеу технологияларын пайдаланған шаруалар шығынының жартысы субсидия арқылы өтеледі. Үкімет басшысы да мұны қатаң тапсырды.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Жалпы биылғы суару маусымы арнайы жоспары бойынша жүзеге асырылды. Дегенмен, оңтүстік өңірлердегі диқандар су тапшылығын сезініп үлгерді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндері негізінен көрші елдерден келетін ағын суға тәуелді. Ғылыми болжамдарға сәйкес судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек. Яғни 40 жылға қарай су тапшылығы жылына, шамамен 15 текше км құрайтын болады. Сондықтан судың басында отырған елдермек халықаралық шарттарға сәйкес, міндеттемелерді сақтау мәселесі бойынша жұмысымызды күшейту қажет. 

Су мәселесі егіннің түсімі мен азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Үкімет басшысы бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, дақылдарды әртараптандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Саладағы тарифтік саясатты қайта қарау қажеттігін ескертті.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев