Елге ем алуға келетін туристер көбейді

Елге ем алуға келетін туристер көбейді

Былтыр елге 5 мыңға жуық шетелдік келіп ем-дом алған.

Биыл отандық медицинаға жүгінетіндердің саны 8 мыңнан асуы мүмкін. Медициналық туризм мәселесіне арналған жиында мамандар осындай болжам айтты. Жиын Астананың 25 жылдығы қарсаңында бауырлас қалалар мэрлерінің форумы аясында ұйымдастырылған. Қатысушылардың қатарында Беларусь, Ресей, Израиль, Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Әзербайжан өкілдері бар. Қазақстанның медициналық туризм қауымдастығының мәліметі бойынша, елімізге арнайы ем-дом алуға жақын шетелдерден жиі келеді. Сондай-ақ Германия, АҚШ, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері мен Швейцариядан келетіндер де көбейе түскен. Бұған кардиохирургия, кардиология, нейрохирургия, тіс емдеу мен репродуктивті медицинаның дамуы мен бағаның арзандығы себеп.

Кристина Кривец, Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының  президенті:

- Нейрохирургия туралы айтар болсақ, Орталық Азиядағы жалғыз гамма-пышақ бізде бар. Сол сияқты, ванадис, инвазивті емес перенаталды скрининг бар. Осылардың көмегімен аналар жатырындағы бөбегінің генетикалық ауытқушылығы бар-жоғын біле алады. Ресейдегі диагностикалық тексерумен салыстырар болсақ, біздегі баға 1,5 есе, ал Германия, Израильмен салыстырсақ, онда 3 есе арзанға шығады.