Арқалық аумағындағы қараусыз қалған көлдер қалпына келтіріледі

Арқалық қаласының аумағындағы жасанды көлдер 20 жылдан артық күтім көрмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айналасына қамыс өсіп, балдыр басқан. Қала ішінде қолдан жасалған 4 су айдыны бар. Олардың бәрі ұзақ жылдардан бері қараусыз қалғандықтан әбден ластанып, жағымсыз иіс пайда болған. Сондықтан тазартып, жағасын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Биыл әзірге бір көлдің айналасын дұрыстап, тәртіпке келтіру жоспарланған. Оның аумағы – 230 мың шаршы метр. Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 90 миллионға жуық теңге бөлінді. Күні кеше іске кіріскен мердігер бар жұмыс ауқымын тамыздың 2-сіне дейін аяқтаймыз деп отыр. Ал жергілікті әкімдік кәсіпкерлерді тартып, көл жағалауын демалыс орнына айналдыруды көздейді.  

Абай Бірахметов, Арқалық қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Жан-жағындағы жағалаудағы қамысты шабу, балапан ағаштарды кесу, сосын судың ішіндегі балдырларды, тамырларды тазарту. Келергі жылдары бизнеске тарту жүргізу, катамаран дейді, қайық қою. Сол бизнесті дамыту жағдайында қолға алынып жатқан шаруалар.