Үкімет есірткіге қарсы күрестің жоспарын бекітті

Елде синтетикалық нашақорлық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауғанстаннан тасымалданатын есірткі, каннабис айналымы, «дәріханалық» нашақорлық секілді түйткіл көп. Осыған байланысты Үкімет Қаулысымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2 жылдық кешенді жоспары бекітілді. Сондай-ақ құжат есірткі тұтынушыларының санын азайтуға, оларды медициналық-әлеуметтік оңалтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта бюджет есебінен 53 млрд 100 млн теңге бөлу қарастырылған.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Құжат Мемлекет басшысының 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында әзірленген. Жоспар заңнамалық базаны жетілдіруді, нашақорлықтың алдын алу және емдеу сапасын арттыруды, сондай-ақ қазіргі заманғы есірткі бизнесінің қауіп-қатерлеріне қарсы тұруды, тиімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, шекаралық бақылау бекеттері тиісті тексеру құралдарымен жабдықталады. Азаматтарды медициналық куәландыру кезінде жаңа синтетикалық препараттар мен биоматериал үлгілерін зерттеу үшін сот сараптамасы органдарының базасы нығайтылады.