Оралда жол неге уақытылы жөнделмеді?

Оралда жол неге уақытылы жөнделмеді?

Батыс Қазақстан облысында жол жөндеуге биыл 35 миллиард теңге бөлінген.

Алайда қаржының толық игеріліп, жыл соңына дейін жоспардың жүзеге асарына күмән бар. Өйткені қажетті материалдар жетпейді. Тек шілде айына облыстық маңыздағы жолдарға 7 мың тонна битум керек болса, соның 670 тоннасы ғана берілген. Қазір Павлодар мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жабылған. Ақтаудағы битум зауытының қуаты жетпейді. Енді шұғыл көрші Ресейден битум алуға квота керек. Қиыршық тас әкелуге вагон тапшылығы тағы бар. Оралдың өз басындағы айналма жолдағы жөндеу жұмыстарын көрген депутаттар Снежанна Имашева мен Нартай Сәрсенғалиев осы мәселелерге назар аударды.

Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:

- Бір айдан кейін бидай тасу басталады, көмір тасу басталады. Сол кезде тиісінше тағы да вагон саны азайып қалуы мүмкін. Бұл ең маңызды мәселе.. Битум мәселесі де сол. Білмейді емес, біліп отыр орталықтағы жауапты ведомство өкілдері, министрлік өкілдері. Дегенмен олардың тарапынан дәл осы мәселені шешіп жіберуге құлықты байқап отырған жоқпын. Құлықсыздықтың себебі не? Біздің топшылауымыз бар. Бірақ соны қазір ашып айта алмаспыз. Бірақ сонымен күресуге, һәм осы мәселені шешуге тырысамыз. Өйткені ол бір ғана БҚО мәселесі емес.