Абай облысындағы Курчатов қаласында балалар алаңы жаңартылып жатыр

Абай облысындағы Курчатов қаласында тозығы жеткен көне ойын алаңдары жаңартылып жатыр.

Адам өміріне қауіп төндіре бастаған қондырғыларды ауыстыруды шаһар тұрғандары көптен бері сұрап жүрген еді. Бұдан өзге, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру ісін қолға алу қажеттігін талай мәрте айтқан. Енді бұл жұмыстарға бюджеттен 37 млн теңге бөлініп отыр. Тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін демеушілер де қолдау көрсетпек.

Сергей Локштанов футбол ойнап, доп тебу үшін бұрыңғыдай қаланың әр бөлігіне бармайды. Алғаш рет ауласында жасақталған алаң ересек пен бала үшін де өте жайлы.

Сергей Локштанов, Курчатов қаласының тұрғыны:

- Бұрын кеңестік кезеңнен қалған алаң болатын. Уақыт өте келе ескірді. Қазіргісі бәрімізге ұнайды. Өте әдемі жасалған.

Аулалардағы ескірген ойын алаңдарын жаңарту - тұрғындар тілегі. Ең алдымен, қолдануға келмейтін орындарды ауыстыруды сұраған еді. Өтініш орындалып келеді. Алайда, кейбір жерде жаңа қондырғылардың өзі сыр берген.

Науша Көкежанова, Курчатов қаласының тұрғыны:

- Негізі дұрыс, жақсы, бірақ мына астыңғы жақтарын дұрыс істеу керек. Құм, жұмсақтау керек. Енді бар шығар бұларға жауап беретін кісілер. Арасында ашылып кетіп жатады, сынып қалып жатады. Міне, көріп тұрсыздар  сынып жатыр. Соны жөнге келтіретін адамдар бар шығар.

Әлижан Жұмағалиев, Курчатов қаласының тұрғыны:

- Мына алаңда көп тесік болды. Сосын ұнамайды. Негізі күшті алаң.

Анықталғандай, бұл алаңдарды демеушілер өз қаражатын жұмсап жасақтаған. Сондықтан болар, әкімдіктегілер оны жөндеу туралы әзір нақты айта алмайды. Бірақ, бұл бағыттағы істі әрі қарай жалғастырмақ ниетте. Тек биылдың өзінде кәсіпкерлердің көмегімен тағы 12 аула аумағын жаңартуды жоспарлап отыр.

Дәурен Үлмесеков, Курчатов қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта жұмыстардың бәрі басталып, 70 процентке дейін жұмыстардың аяқталды. Бұның ішінде қаралғандар бұрыңғы союз кезіндегі салынған үй аулалары. Қазіргі уақытта кеңейту жұмыстары, үлкен-үлкен алаңдарды үлкейтіп жатырмыз. Ал бізге өзімізге жергілікті бюджеттен  37 млн теңге. Оның ішінде көгалдандыру, жасыл желектерді суару, осы биылға үш балалар алаңы қаралған.

Жалпылай алғанда, Курчатов қаласында 70 аула бар. Оның ішінде 16-сы жөндеуді талап етіп тұр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Асем Утешева, Берик Жобалайұлы