Таразда жалпы жұмыс өтілі 80 жылдан асатын кардиохирургтар отбасы тұрады

Өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын адам өмірін сақтауға арнаған Абдуталып Ашировты бүгінде ел таниды.

Оның Руслан, Тимур атты екі ұлы да әке жолын қуған. Дәрігерлер отбасы жылына 3 мыңнан астам науқастың жүрегіне операция жасайды. Абдуталып Аширов осы уақытқа дейін 4 мыңнан астамның жүрегіне екінші дем беріп, тәжірибесін жас мамандарға үйретуде.

Абдуталып Аширов, кардиохирург:

- Әлемдік статистика бойынша, жүрекпен келетін науқастардың 70%-і – коронарлық артерия ауруына шалдыққандар. Ал 15%-і – туабітті жүрек ауруы барлар. Жалпы жыл санап бұл ауру түрлері үдеп барады. Біздің облыстың өзінде 4-5 мың адам коронарлық артерияның бітелуі бар-жоғын анықтауға кезекте тұр. Ал біз істейтін орталықта жылына 2 мыңнан аса науқасқа ота жасап жатырмыз.

Руслан Аширов, кардиолог:

- Бала кезден әкем сияқты дәрігер болуды армандадым. Үнемі науқастардың алғысын алып жүретін. Қазіргі кезде үлкен ұлым да Асфендияров атындағы университетте дәрігер оқуын оқып жатыр. Әкеміздің жолын қуып халыққа көмектескісі келеді.