Қостанайлықтар үкіметтен егістікті шегіртке мен киіктен қорғауды сұрайды

Қостанайлықтар үкіметтен егістікті шегіртке мен киіктен қорғауды сұрайды

Қостанайлық шаруалар үкіметтен егіс алқаптарын шегіртке мен киіктен қорғауды сұрайды.

Қамысты ауданында зиянкестер мен түз жануары қаптап кеткен.  Ақбекендер егінді жайпап жатыр -дейді олар. Ал өздерінде киікке де, шегіртке де қарсы тұрар қауқар болмай тұр. 

Владимир Шестериковтың Қамысты ауданында 8 мың гектар егістік алқабы бар. Соңғы екі аптадан бері киікпен  арпалысып жүр.

Оның есебінше, он мыңнан асатын тұяқты жануарлар үйірі мың гектарға жуық алқабын тып-типыл етіп тапап өткен. Шаруалар жаппай шығынға батпасын десек, з ақбөкендер санын реттеу қажеттігін немесе егін алқаптарының айналасын қазып шығу керектігін айтады.

Владимир Шестериков, шаруа:

- Егер бұл екеуін де іске асыру мүмкін емес десе, онда төтенше жағдай енгізсін. Біз үшін үлкен нәубет. Кеше егін алқаптарын аралап шықтым. Түк қоймай жайпап өткен. Менің де міндеттемелерім бар, ертең қалай есептесем.

Шаруалар бұл мәселені Мәжіліс депутаттарының алдында көтерді. Депутатар киіктердің миграция жолында азық қорын жасау, жасанды суат дайындау үшін қаржы бөлу, қасқырларды атуға мораторий енгізу туралы ұсыныс айтты. Бұл ақбөкендердің санын реттеуге сеп болады деген пікірде. Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің де өз айтары бар. 

Дархан Әбдікәрімов, облыстық аумақтық инспекцияның басшысы:

- Біз өз тарапымыздан тек жағдайды баяндап хат жазамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұның бәрінен хабардар. Қазір жоғары жақта киікке қатысты қандай  шаралар қолдану қажеттігі жайлы ұсыныс дайындалып жатыр.  

Шаруларды биыл шегіртке де титықтатып болды. Владимир Шестериковтың алқабында зиянкестер кеше пайда болыпты. Барлығы 30 шақырым аумақты өңдеу керек дейді. Бірақ оған аудандағы техника жетіспейді.

Владимир Шестериков, шаруа:

- Көмек сұраймыз. Қазір бізде бір дельтаплан, бір ұшақ және аэрозольды құрылғы бар. Ол аздық етеді. Бар алқапты қамтуға үлгірмейді.

Соңғы мәлімет бойынша, өңірде  500 гектар егістік жер шегірткеден зардап шеккен. Бұл жалпы көлемнің бір процентіне де жетпейді. Ал енді шаруалардың есебінше, зиянкестердің келтірген залалы одан жүз есе көп. Мәжіліс депутаттарының айтуынша,шегірткенің жаппай таралуының алдын-алуға болары еді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен Науырзым ауданының Буревестник шаруашылығында болдым. Онда шегіртке шамамен 50 мың гектарды құртып кеткен. Зиякестер қазір қара құрым. Осының бәрі ауыл шаруашылығы министрлігі мен тікелей аумақтық органдардың сапасыз жұмысынан деп білем. Бас кезінде таралуына қалай жол берген. Алдын алу шаралары сәуір, мамыр айларында ошақтары  көрінген сәттен басталуы керек еді. 

Зиянкестерден залал келген егін алқаптары үшін өтемақы қаралмаған. Себебі табынды шегірткеге қарсы химиялық өңдеу мемлекет есебінен жүргізіледі. Алайда мұнымен депутаттар келіспейді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Шығын мөлшерін есептейтін комиссия жасақтау қажет. Мемлекеттік органдардың жайбасарлығы үшін неге фермер жапа шегуі тиіс. Солар міндетін дұрыс атқармағандықтан,осындай жағдай туындап отыр. 

 Соңғы жылдарда облыстың оңтүстік аумақтарында киік саны екі есеге артқан. Егер жұмыртқа салған шегіртке ошақтарын жоймаса, келер жылы зиянкестер нөпірі биылдан да орасан болады деген болжам бар. 

Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров