Алматыдағы ботаникалық бақ қызметкерлері волонтерлерге ағаш емдеуді үйретіп жатыр

Алматыдағы ботаникалық баққа волонтерлер көмекке келді.

Ондағы ғылыми қызметкерлер волонтерлерге қаланы көгалдандырудың жәй-жапсарын айтып, ағаштарды емдеу жолдарын үйретіп жатыр. Жоба «Жасыл Рейнджер» деп аталады.

Сарапшылардың пікірінше, қаладағы ағаштар табиғат аясында өсетін  жасыл желекке қарағанда әлсіз. Сондықтан ағаштардың жағдайын үнемі қадағалап, аурудың алдын алып, емдеу шараларын жүргізу қажет. Әйтпесе, ағаштар қурап қалуы мүмкін. Өсімдікті емдеу үшін арнайы білімсіз болмайды. Сондықтан, волонтерлерді ботаникалық бақтың ғылыми қызметкерлері дайындап жатыр. 

- Ағаштың биіктігін қалай өлшеуге болады? Оның жағдайын қалай бағалап, көрсеткішін шығарады? Оған қоса, аурудың себебін анықтаймыз. Жасыл желек дұрыс жерге егілмеген болуы  немесе оған зақым келген болуы мүмкін.  Волонтерлар алдымен  ботаникалық бақта мамандардың жетекшілігімен жұмыс істейді. Яғни бізге осы жерде  бақтағы ағаштарды күтіп баптауға көмектеседі.

Оқу бағдарламасының тақырыбы сан алуан. Өсімдіктерге  зиянкестерден келетін залал. Техногендік және механикалық тұрғыдан  зақымданып, ауырған ағаштарды қалпына келтіру жолдары айтылады. Диагностикалық әдістерін түсіндіреді.

Гүлнұр Смағұлова, волонтёр:

- Курс барысында көбіне қандай аурулармен ауырады. Қандай зиянкестермен. Зиянкестерден қалай құтылуға болады. Қалай ағаштарға көмектесе аламыз, сол бойынша жұмыс атқарамыз.

Сондай-ақ волонтерлер мобильді қосымшаны жасап шығарды.  Оған құлайын деп тұрған ағаштар мен ауруға шалдыққан өсімдіктерді енгізеді. Емдеу әдістері қоса жазылады. Айта кетейік, Алматыда 84 мың ағаш апатты жағдайда. Бұл қосымша арқылы  қаладағы бүкіл желекті бақылауға болады.

Данель Лид, волонтёр:

- Осы қосымшаны кез келген адам пайдалана алады. Саябақтағы немесе көшеде өсіп ағашты суретке түсірсе жеткілікті. Қосымша оған қатысты деректі шығарып береді. Зиянкестердің әсері болса, қалай емдеуге болатынына дейін сипаттайды. Ағаш  жақсы өсіп тұрса, оны да көрсетеді. 

«Жасыл рейнджер» жобасы күзге дейін жалғасады. Оған қатысқан волонтерлар сертификатқа ие болады. Рейнджерлер  қаланың жасыл қорын көркейтуге осылай  үлес қосудуды көздейді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов