Павлодар облысында ажарланған ауылдар көбейіп келеді

Биыл Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 10 миллиард теңге жұмсалады.

Бұл қаржыға елді мекендердегі 35 мың тұрғынның өмір сүру сапасы мен, әл-ауқатын жақсарту жоспарланған. Солардың қатарында Май ауданы бар. Мұнда жол салынып, жаңадан әлеуметтік нысандар тұрғызылды.

Майтүбек ауылы бір жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. Көшелеріне жарық беріліп, асфальт төселді. Тұрғындар көптен күткен фельдшерлі-акушерлік пункт салынды. «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында мұның бәріне 214 млн теңге бөлінді.

Әлібек Айдаров, Майтүбек ауылының әкімі:

- Ауыл жолдары қалпына келтірілді. Орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылды. Енді демографиялық ахуал жақсаруы тиіс. «Еңбек» бағдарламасымен оңтүстік өңірлерден көшіп келетіндер артады деген ойдамыз.

Соңғы уақытта Май ауданына қарасты ауылдарға қандастар көптеп қоныс аударып жатыр. Қытайдан келген Бағдат Батырбек аудан орталығына төрт жыл бұрын келген. Қазір мал өсіріп, табыс көзіне айналдырған. 

Бағдат Батырбек, Көктөбе ауылының тұрғыны:

- Бұрынғыға қарағанда жауын жауады, қар, сондай кездері кіріп-шығу, жаяу адамның жүруі қиын болатұғын. Мінеки, әзір әдемі, реттеп, бүкіл көше, бүкіл ауданның көшелерін жасап жатыр. Халық разы болып жүр. Қазақстанға көшіп келгенімізге қуаныштымыз. Бұл жақта беттен қақпай, қатарына қосып, жұмыстарымызды бітіріп, ел болып қосылып жатырмыз.

Ал Малайсары ауылындағы білім ұясында жөндеу жұмыстары қызып тұр. «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша жақын арада заманауи құралдармен жабдықталады.

Анар Жетібаева, Малайсары орта білім беру мектебінің директоры:

- Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бізде мектеп қабырғаларының 70% жөндеу жұмыстары аяқталып отыр. Және де линолеум, кремогранит салынды. Бір қуантарлық жағдай, бізде күрделі жұмысқа 30-дан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр. Оның ішінде жұмыспен қамту орталығы аясында ауыл тұрғындары жұмыс істеп жатыр, енді оқу жылына аз уақыт қалды. 15-ші тамыз күні біз аяқтау керекпіз. 

Ауданның инженерлік-инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Қазір әр ауылда сапалы ауызсу, жылдамдығы жоғары интернет бар. Ең бастысы - елді мекендерді өзара байланыстыратын жолдардың құрылысы тоқтамай келеді.  Мысалы бұл республикалық тас жол Павлодар мен Курчатов қалаларын жалғап, қос шаһарды Баянауыл ауданымен байланыстырады. Бұл курорттық аймаққа баратын жолды 100 шақырымға қысқартады.  

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат