Қызылорда облысында көптен күткен көпір құрылысы басталды

Қызылорда облысының Жалағаш ауданының тұрғындары теміржолды кесіп өту үшін өмірін қатерге тігуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі арнайы өткел жоқ. Мамандар өзекті мәселе биыл шешімін табады дейді. Қазір жаяу жүргінші көпірінің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындар көптен күткен жоба қазан айында аяқталуы тиіс.

14 мың тұрғыны бар Жалағаш кентін теміржол қақ жарып өтіп жатыр. Арғы беттегі Дәуімбай ықшам ауданында 6 мыңдай адам тұрады. Күн сайын үлкен-кіші арлы-берлі қатынау үшін жандарын шүберекке түйіп, шойын жолды кесіп өтеді. 

Әбілқайыр Ералиев, Жалағаш кентінің тұрғыны:

- Талай адам осы арадан өтем деп, әсіресе қыстың күндері талайы мына жерден құлап, басын жарып, тізесін сындырғаны есімнен кетпейді. Міне, осындай оқиғалар біздің Дәуімбай елді мекенінде талай кездесіп жатты.

Көптен күткен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы мамыр айында басталған. Қазір бетон бағандары орнатылып жатыр.

Арнұр Нұрмағанбетов, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Көпірдің сипаттамасына келетін болсақ, ұзындығы – 55 метр, биіктігі 12 метр, ені 3,2 метрді құрайды. 2 лифт мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Сосын баспалдақ қосылған. Жалпы пайдалануға беру мерзімі – ағымдағы жылдың қазан айы.

Жалағаш ауданында биыл 5,2 миллиард теңгеге тең 34 инфраұүрылымдық жоба жүзеге асып жатыр. Оның 2,3 миллиард теңгесі 4 елді мекеннің тозығы жеткен 16 көшесін жөндеуге бөлінген.

Гүлнәр Жаңабергенова, Жалағаш кентінің тұрғыны:

- Көшеміздің тасы шығып, топырағы бұрқырап, есік-терезені ашуға бізге өте ауыр болатын еді. Шаңы шығып жатқанына 5-6 жыл болған. Талапқа сай жасалынса екен деп ұсыныс жасадық. Жасалынды, салынды.

Келер жылы Жалағаш кентінен ашылатын ықшам ауданнан 500 отбасына үй салуға жер беріледі. Бұл мақсатқа 1 миллиардтан астам теңге бөлініп, ауызсу, жарық, газ желілері тартылып жатыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.