Қостанай облысының Қарасу ауылына су құбыры тартылды

Қостанай облысының шалғайындағы Қарасу ауылына жаңадан су құбыры тартылды.

Енді орталықтандырылған желіні, үйді-үйге кіргізу жұмыстары қалды. Бұдан бөлек шағын елді мекенде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Ауылдағы осындай игі істерге, жергілікті тұрғындар да, қаржылай көмек-қолдау көрсеткен.  

Қарасу - Арқалық-Торғай тас жолының бойындағы шағын ауыл. Бұл аумақты сусыма құм алып жатыр. Сәл екпінді жел тұрса, дауыл көтеріледі. Көшпе құмға көк өскін ғана кедергі бола алады. Ал ол үшін су керек. Қырық жыл жөндеу көрмей қырық жамау болған ескі құбыр көшені көгалдандырмақ түгілі ауыз суға әзер жетеді.

Сайлау Есполовтың ауласы шөл даладағы жасыл арал тәрізді. Жағалай көк шөп, шағын бау-бақшасы жайқалып тұр. Ескі құбырдан уақытпен берілетін аз суды үнемдеп, үйінің алдында осындай микроклимат қалыптастырған. «Былтыр жаңа су желісінің құрылысы басталғанда мұндағы жұрттың қуанышында шек болған жоқ. Енді ауылды қайта түлетуге болады», - дейді олар. 

Сайлау Есполов, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Әжетхана, ванна, душ, су келіп тұса, соның бәрін істеуге болады. Огород егеміз, ағаш егеміз жол жаққа. Су берсе, сразу мынаның бәрін көгертуге болады.

Бюджет есебінен жүргізіліп жатқан су құбыры құрылысының жалпы құны 600 миллион теңге. Бар жұмыс ауқымы алдағы қыркүйек айында аяқталуы тиіс.

Ал мынау балалар алаңын салуға қажетті қаржыны тұрғындар өздері жинаған. Осы ауылдың әртарапта тұрып жатқан перзенттері де үлесін қосыпты. Сөйтіп ауыл ортасында балдырғандарға шаттық сыйлаған шағын алаңқай пайда болды.

Шымберген Төлеміс, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Осы алаңның ашылғаны жақсы болды. Енді осы жерге келіп, достарыммен ойнаймын. Әткеншек, карусель.

Серғазы Серікбай, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Маған ауыл ұнайды. Ауасы таза. Өзенге түсуге болады. Достарым да көп.

Ауылдың келбетіндей кіреберіске сән берген қақпа да тұрғындар қаржысына тұрғызылған. Бұған дейін хоккей корты, футбол алаңы салынды.

Ғасырсейіт Қоржынбаев, Қарасу ауылының әкімі:

- Енді соның нәтижесін уже кей уаықттарда беріп жатыр. Мысалы біздің ауылдан Жаппасов Мадияр деген оқушымыз биылғы жылы Португалияға футболдан жарысқа барып келді жас балалар арасында әлем чемпионатына.

Мұндағы мектеп те толық жөндеуден өткен. Кезекте медициналық мекеме тұр. Жалпы Амангелді ауданында 30 елді мекен болса, соның жартысы орталықтандырылған су желісімен қамтылған. Жоспарға сәйкес алдағы екі жылда аудандағы барлық ауылға сапалы су  жеткізілмек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг