Павлодарда «Заманауи мектеп» бағдарламасына ₸1 млрд бөлінді

Павлодар қаласында «Заманауи мектеп» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 миллиардтан астам теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыс орталығындағы бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жоба шеңберінде білім ұяларының ғимараттарын жаңартудан бөлек, заманауи құралдармен жабдықтау жоспарланған.

Бұл мектеп өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Сол уақыттан бері жөнделген жоқ. Ғимараттың қабырғасы шытынап, іргесі сөгіле бастады. Әсіресе электр сымдары тозып, өрт қауіпсіздігі мәселесі күрделенген.

Гүлшекер Белгібаева, қалалық №2 орта мектебінің директоры:

- Жөндеу жұмыстары техникалық және авторлық қадағалау органдарының назарында. Мердігерлер құрылыс материалдарының сапасы бойынша сертификаттарды ұсынады. Өзге де құжаттарды көрсету міндеттеледі.

Қазір жөндеу жұмыстары қызу. Кестеге сай жүріп жатыр. Келісімшарт бойынша нысан тамыз айының ортасында тапсырылуы тиіс.

Гүлшекер Белгібаева, қалалық №2 орта мектебінің директоры:

- Ата-аналар тобы құрылды. Топ құрамында инженерлер, құрылысшы мамандар бар. Олар жөндеу барысын өз көзімен көре алады. Ең бастысы, жұмыстардың барлығы рет-ретімен жүріп жатыр. Мердігер кез келген сұрақ бойынша жауап беріп, ата-аналардың ескертулерін қабылдауға әзір. 

Сыныптарға арналған жиһаз, жаңа кабинеттерге тапсырыс берілген. Жөндеу аяқталған соң мектеп ғимараты қажетті құралдармен жабдықталады.

Гүлмира Медиева, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

- Қала мектептері үшін жаңа модификациядағы кабинеттермен 20-ға жуық мектеп қамтылады. Сонымен қатар технология кабинеттері жабдықталады. Логопед маманының жұмыс орны ашылады. Биыл 5 мектепте инклюзия кабинеттері іске қосылады.

Жалпы білім беру жүйесін дамытуға 3 млрд-тан астам теңге жұмсалады. Павлодардың өзінде 10 білім беру ошағы жөнделіп жатыр. Бюджет есебінен мектеп жанындағы тозған спорттық алаңдар мен стадиондар жаңа кейіпке еніп, аумағы абаттандырылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат.