Риддер тұрғындары көптен күткен пәтерлеріне көше алмай жүр

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының тұрғындары көптен күткен пәтерлеріне көше алмай отыр.

Өйткені жауапсыз мердігердің кесірінен оларға арнап салынған баспана құрылысы орта жолдан тоқтап қалды. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Ал бұл үйлерге апатты және ескі үйде тұрып жатқан отбасылар қоныстануы тиіс еді. Енді мәселе қалай реттеледі?

Бұл үй  2020 жылы салына бастады. Мердігер компания өкілдері ширақ қимылдап, бір демде екі қабатын көтеріп тастады. Соған қарап құрылыс бекітілген кестеден тез бітетін болды деп, кезек күткендер қуанысып жүрді.

Наталья Долгова, Риддер қ. сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Солай қуанып жүргенде аяқ асты бәр іс кері кетті. Жұмыс тоқтап қалды. Материалдар қымбаттап, жобаға түзету енгізілді. Алайда содан соң да құрылыс жалғаспады. Мердігер компания мен  тапсырыс берушілер арасында сот басталып кетті. Өткен жылы арадағы келісім-шарт өз күшін жойды.

Сот мердігер компанияны жауапсыз мекемелер қатарына қосты.Сөйтіп 1-шілдеге дейін игерілмеген 82 миллион теңгені және құрылыс материалдары үшін 194 миллион теңгені қайтару туралы шешім шығарды.Алайда мердігер тарапынан әлі бір тиын да төленбеген. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Айтса сенгісіз, бірақ мына үйде әлі адамдар тұрып жатыр. Осы бұрышы жуық арада құлап түскен екен. Соған қарамастан тұрғындардың кейбірі әлі көшкен жоқ, себебі олар көшіп баратын тұрғын үй құрылысы бітпей тұр. 

Ескі үйде еріксіз тұрып жатқандардың бірі Александр Голомидов. Баспанаға кірсең де, шықсаң да әні міне құлап кетердей. Екі жыл бұрын апатты деп танылған. Үй кезегінде бірінші болып тұр. Бірақ одан қайыр жоқ.

Александр Голомидов, Риддер қаласының тұрғыны:

- Үй әрең тұр. Тіпті бір жерін жөндеу мүмкін емес. Қол тигізсең құлап кете ме дейсің. Кішкене қызым да бізбен бірге тұрады. Сол үшін қорқамын.

Жергілікті билік өкілдері болса, қауқарсыз. Құрылысты қайта жалғастырудың қамына кірісу үшін сот ісі аяқталу қажет. Ал Риддерде баспана кезегін күткендер саны жыл санап өсіп келеді. Бүгінгі күні 1,5 адам тұр.

 Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин